Шариғат бойынша вакцина салдыруға болады – наиб мүфти

4 Тамыз 2021, 16:15
3781
Бөлісу:
Шариғат бойынша вакцина салдыруға болады – наиб мүфти

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырғанын мәлім етті. Бұл туралы ол өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды.

Наиб мүфтидің айтуынша, шариғат бойынша зәру жағдайда екпе салдыруға болады. Десе де, екпе салдыру – әр азаматтың өз еркі екендігін де алға тартты.

Алланың қалауымен бүгін QazVac (КазВак) вакцинасын алдым. Ислам дінінде адамның өмірі мен денсаулығынан асқан құндылық жоқ. Коронавирустың қауіпті екеніне көзіміз жетті ғой, достар. Қаншама жақындарымыздан айырылып қалдық. Сондықтан екпе алу арқылы індеттен сақтануды шештім, - деді діни басқарма төрағасының орынбасары.

Дәрігерлердің вакцина алу – індетпен күрестегі ең тиімді тәсіл екендігі туралы ескертпесін ұстанған наиб мүфти аурудың алдын алған дұрыс деп отыр.

Алла Тағала «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп бұйырған. Дана халқымыз: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп шипа іздеуге үндеген. Сол үшін кез келген адам емделудің және аурудың алдын алу жолдарын қарастыруы тиіс. Дүниежүзі дәрігерлері СOVID-19-дың алдын алу үшін ең қауіпсіз әрі ең тиімді тәсіл – вакцина алу екеніндігін айтуда, - деп жазды Ершат Оңғар.

Өзгелердің жаңалығы