ШҚО: Көпбалалы отбасылар тамаққа төленетін ақшадан босатылады

16 Ақпан 2019, 18:30
4446
Бөлісу:
ШҚО: Көпбалалы отбасылар тамаққа төленетін ақшадан босатылады

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың мемлекеттік балабақшаға баратын балалары тамаққа төленетін ақыдан босатылып, мектеп формасымен қамтылады. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметов облыс орталығындағы көпбалалы аналармен кездесуі барысында хабарлады.

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында көпбалалы 26 149 отбасы тіркелген.

«Біз бірінші кезекте ана мен баланың денсаулығына көңіл бөлеміз. Сол үшін «Саламатты ана мен бала» айлығын одан әрі жалғастырып, барынша көп тұрғынды сапалы медициналық қызметпен қамтуымыз керек. Екіншіден, білім саласында бірқатар жеңілдіктер жасауымыз қажет. Ол үшін көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың мемлекеттік балабақшаға баратын балаларын тамаққа төлейтін ақыдан босату жөніндегі мәселені қарастырдық. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 245 миллион теңге қарастырдық. Оның 176,5 миллионы көпбалалы отбасыларға, ал 68,5 миллионы мүмкіндігі шектеулі 600 балаға арналмақ», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Осылайша өңірдегі барлық көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың барлығы балабақшаға тамақтану үшін төленетін қызметақысынан босатылды.

«Сонымен қатар көпбалалы отбасылардың балаларын мектеп формасымен қамтамасыз ету үшін біз жергілікті бюджеттен қосымша 500 миллион теңге қарастырамыз. Бұған дейін бұл мақсатқа 129 миллион теңге бөліп келгенбіз, енді оған 500 миллион теңгені үстемелейміз. Бұл әр балаға шамамен 22 мың теңгеден ақша бөлінеді деген сөз. Жалпы, мектеп формасының бағасы әртүрлі екені белгілі. 17 мыңнан 36 мың теңгеге дейінгі аралықта. Сондықтан біз орташа бағаны алып отырмыз», - деп қосты Даниал Кенжетайұлы.

Естеріңізге салсақ, биыл облыс әкімінің бастамасымен жоғарғы оқу орындарына оқуға түсуші түлектерге қосымша жергілікті бюджеттен 400 грант бөлу қарастырылған болатын. Конференция барысында көпбалалы отбасылардың балалары да бұл гранттардан кенде қалмайтыны белігілі болды.

«Биыл орта мектептің 11 сыныбын тәмамдайтын балалардың жоғарғы оқу орнына түсуі кезінде де бұл мәселе ескерілетін болады. Егер қандайда бір мамандыққа екі түлектің алған балдары бірдей болса – біз көпбалалы отбасылардың балаларына басымдылық береміз. Сондай-ақ, бүгінгі таңда мектеп түлектерінің 40 пайызының колледждерге оқуға түсетіні белгілі. Осы себепті біз биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен үш миллиард теңге мөлшерінде қаржы бөліп отырмыз. Мұның ішінде баланың тегін білім алып, тегін тамақтануына жағдай жасалады», - деді облыс әкімі.


ШҚО: Көпбалалы отбасылар тамаққа төленетін ақшадан босатылады

«Өңір басшысының қабылдаған шешімдеріне көңіліміз толады. Балалардың жоғары білім алуына гранттар бөлініп, бүлдіршіндердің балабақшаға тегін баруы мәселенің үлкен бір бөлігінің шешілгені деп санаймын. Десек те, бұл бағытта әлі де бірқатар түйткілді мәселелер бар деп ойлаймын. Өз басым баспанам бар адаммын. Бірақ мен сияқты көпбалалы аналардың қаншасы баспанасыз жүр. Осы мәселе шешілсе. Олардың қоғамдық көлікте тегін жүріп, мәдени орындарға тегін баруына жағдай жасалса жақсы болар еді», - дейді жеті баланы анасы Мадина Санбаева

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: автор

Өзгелердің жаңалығы