Бас жаңалықтар
Үш күнде 72 қару тәркіленді
27 Қыркүйек 2020, 21:46 101

Үш күнде 72 қару тәркіленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында үш күндік «Қару» операциясының барысында мылтық ұстайтын 2 215 адам тексеріліп, олардың ішінен қаруы талапқа сай қауіпсіз жерде ұсталмаған 72 қару тәркіленді. 

Бұл туралы СҚО ПД Әкімшілік полициясы азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы, полиция майоры Құрман Мусин хабарлады.  

Үш күндік шара өткізуге барлығы 800 полиция қызметкері тартылды. Олар барлық тексерілген 2215 адамның ішінен 79 адамды жауапкершілікке тартты. Соның ішінде 48 қаруды талапқа сай ұстамағаны үшін және 31 қайта тіркеу мерзімін өткізіп алғаны үшін жауапқа алынды. Сонымен қатар, жоғарыда айтқанымыздай, 72 қару тәркіленді, - дейді Құрман Мусин.

Оның айтуына қарағанда, Шал ақын аудандық полиция қызметкерлері осы ауданның Кривощеково селасында тұратын бір тұрғыннан заңсыз сақталған мылтық алды. Азамат оны тауып алдым дегенімен, 200 АЕК көлемінде айыппұл салынатын хаттама толтырылды және қару тәркіленді.

Әкімшілік полиция азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының қызметкерлері азаматтарға қару тауып алған болса, «102» телефонына хабарласу керектігін ескертті. Тіпті тауып алмай, қайтыс болған туыстарынан қалған, тіркелмеген қару болса да полицияға хабарласу керек. Қаруды өз еркімен тапсыру адамдарды әкімшілік жауапкершіліктен құтқарады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...