Сенатор: Мұнда біреудің дауысын ұрлап немесе басқа біреу үшін дауыс беру мүмкін емес

4 Қазан 2020, 21:05
2435
Бөлісу:
Сенатор: Мұнда біреудің дауысын ұрлап немесе басқа біреу үшін дауыс беру мүмкін емес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық депутаттар ТМД елдерінің Парламент аралық ассамблеясы бойынша Қырғыз елінде болатын Парламент ( Жоғары Кеңес) сайлауына бақылаушы ретінде Қырғызстанға барды. Бұл туралы ҚР Парламент сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы жазды.

Бүгін сайлау өтуде. Өзбекстандық, ресейлік әріптестеріммен бірге Бишкекте, Шу облысына қарасты Кан, Тоқмақ аудандарында оннан аса сайлау учаскеліріне барып, сайлау процесінің қалай өтіп жатқанын көзбен көріп бақыладық.  Біз көрген сайлау учаскелерінде сайлау өткізу үшін барлық жағдайлар жасалған, оның ішінде санитарлық нормалар да қатаң сақталған. Маған қырғыз елінің  сайлау жүйесі қатты ұнады. Бұл жүйе 2015 жылдан бері енгізілген екен. Сайлаушы арнайы қойылған компьютер арқылы басбармағын қояды, монитор арқылы ол туралы бүкіл мәліметі және суреті шығады, яғни паспорттың иесі сол сайлаушы екенін дәлелденеді. Сосын сайлаушыға арнайы дәлелденген чек қағаз беріледі, сайлаушы сол қағазбен бюллетень алады, қалаған партиясына дауыс бергеннен кейін бюллетеньді автоматты мөлдір шыны жәшікке салады. Мониторда қанша адамның дауыс бергені көрініп тұрады - дейді депутат.

Оның айтуына қарағанда, әрбір екі сағат сайын орталық Сайлау комиссиясына қанша адамның дауыс бергені туралы автоматты сервер мәлімет беріп отырады. 

Сайлауға түсіп жатқан барлық партиялардың өкілдері бақылаушы ретінде қатысады. Сайлау аяқталғаннан кейін сол бақылаушылардың көзінше жәшік ашылады, әрбір бюллетеньді  сайлаушы кімге дауыс бергенін  бақылаушыларға көрсетіп санап шығады. Мұнда алдау, дауыс беру парақтарын ауыстыру, бір сайлаушы бірнеше рет дауыс беру, біреудің орнына кіру сияқты дүниелерді жасау мүмкін емес - дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Ол өзінің қарапайым азаматтармен сөйлесіп, олардың пікірін тыңдағанда барлығы дерлік өздерінің сайлау жүйесіне толық көңілі толатынын жеткізгенін айтты.

Өзінің берген дауысының ұрланбайтынына нық  сенеді. Сондықтан да сайлауға немқұрайлы қарамай, белсене қатысады. Осы елдің сайлау барысын көргеннен кейін біздің сайлау процесіміз  қандай? Әрбір өткізілген сайлаудан кейін   елімізде халық  неге наразылық білдіріп жатады? Мұны зерттеп, зерделеп ,тиісті органдарға ұсыныстар беріп жатқан  ұйымдар, мамандар бар ма деген бұрыннан мазалап жүрген сұрақтарға жауап іздеймін. Жалпы әділетті сайлау жүйесі - халықтың билікке деген сенімінің басты көрсеткіші.  Демократияның негізі болып табылатын сайлауды әділетті өткізу арқылы халықтың барлық билік тармақтарына деген  жоғалтып алған сенімін қайтаруымыз керек. Өйткені, мемлекеттің күшті-қуатты  болуы -  миллиондаған азаматтарының өз мемлекетіне деген сенімінде - дейді сенатор.
Өзгелердің жаңалығы