Сенатор Бектаев ауыл жастарына қолдау көрсетуге шақырды

17 Қаңтар 2019, 13:16
4806
Бөлісу:
Сенатор Бектаев ауыл жастарына қолдау көрсетуге шақырды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаты Әли Бектаев ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа сауал жолдап, ауыл жастарына қамқорлық керек екенін айтты.

«Экономикадағы қай саланың болмасын дамуы кадрларға, соның ішінде әр бағыт бойынша жұмыс жасайтын мамандарға тікелей байланысты. Аграрлық сектордың қарқынды дамуы да сала мамандарының қолында екендігі белгілі. Өкінішке орай, мыңдаған түлек арнаулы оқу орындарын бітіріп жатқанымен, ауылшаруашылығының білімді және білікті мамандармен қамтылуы әлі де төмен, қабылданған шаралар мардымсыз», - деді Бектаев Сенат отырысында. 

Сенатордың айтуынша, бүгінгі таңда ауылдағы мамандардың орта жасы 50-ден асқан, ал ветеринарлар бойынша 58-60 жасты құрайды. Аграрлық секторда 2500-ден астам мамандар жетіспейді. 

«Жыл сайын оқу бітірген 5000-ға жуық түлектің басым көпшілігі ауылға бармай, өз мамандығына сай келмейтін түрлі жұмыстарда жүр, болмаса жұмыссыз. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, аграрлық мамандықтар бойынша бітірген түлектердің тек 68% ғана жұмысқа орналасады екен, яғни жыл сайын мемлекет есебінен оқытылған 670-тен астам түлектер жұмыссыз қалады. Ауылшаруашылығы мамандықтарын жастардың көпшілігі әйтеуір бір диплом алу үшін таңдайтын сияқты. Сараптамалар көрсеткендей, аграрлық жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің 40%-ға жуығы қалалықтар, ал 70%-дан астамы қыз-балалар. Қала балалары мен қыздардың мәртебесін төмендеткіміз келмейді. Бірақ, ертең олардың басым бөлігі егіс алқаптарында жүріп, егін егуге, қорада жүріп мал баптауға бармайтыны айдан анық», - деді Әли Бектаев. 

Депутаттың айтуынша, оның үстіне ауылдағы мамандардың жалақысы мардымсыз, әлеуметтік проблемалары көп. Жас мамандарды ауылда тұрақтандыру мақсатында жасалған “Дипломмен ауылға” бағдарламасы шеңберінде аграрлық оқу орындарынан ауылды жерлерге соңғы үш жылда тек 56 маман ғана жіберілген. 

«Ауылшаруашылығы мамандықтарының гранттарын бөлу де дұрыс жолға қойылмаған. Аграрлық университеттер ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты болғанымен, оларға мемлекеттік тапсырысты ҚР Білім және ғылым министрлігі бөледі. Гранттарды бөлу кезінде мамандарға қажеттілік, оқу орындардың материалдық базасы, педагогтардың біліктілігі ескерілмейді. Мысалы аграрлық мамандықтар бойынша 2018-2019 оқу жылына қарастырылған 2077 мемлекеттік гранттың жартысына жуығы негізінен гуманитарлық, құрылыс, байланыс, техникалық жоғарғы оқу орындарына бөлінген. Олардың арасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де бар», - деді ол. 

Оның айтуынша, жоғарғы оқу орындардың көпшілігі ескі құрылғылар мен технологияларды пайдаланады, ауылшаруашылығы бойынша тәжірбиелік алаңдары жоқ, ал оқытушылардың басым бөлігі өндірісте бір күн де жұмыс істемегендер.

«Оқу бітірген түлектердің тұрақты жұмысқа орналаса алмауының негізгі себебі де осында жатыр. Мысалы 2018 жылы С. Баишев атындағы Ақтөбе университетінде аграрлық мамандық бойынша 4-ақ студент бітірген. Х.Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген 13 маманның 8-ғана жұмыспен қамтылған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген түлектердің 49%, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті түлектерінің 66%, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті түлектерінің 67%-ғана жұмысқа орналасқан», - деді Бектаев. 

Сенат депутатының айтуынша, мемлекеттік грантты есепсіз бөлудің тағы да бір мысалы ретінде, ауылшаруашылығына бакалавр мамандықтарын дайындауға бар-жоғы 1515 грант бөлінсе, әлеуметтік, мәдени-демалыс жұмыстары, мейрамхана және қонақ үй бизнесі сияқты т.б. қызмет көрсету салаларына 2330 грант бөлінгендігін айтуға болады.

«Үлкен мәселелердің бірі ауыл жастарының әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарына кем тартылуы. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен іске асып жатқан теңдессіз жобалардың бірі “Болашақ” бағдарламасы бойынша 25 жылдың көлемінде 10400–ден астам жас шетелдегі озық оқу орындарын бітіріп, түрлі салаларда қызмет жасауда. Сөз жоқ - бұл біздің мемлекетіміздің алтын қоры, болашағы және үлкен жетістігі. Бірақ, “Болашақ” бағдарламасы бойынша осыған дейінгі оқытылған барлық стипендиаттарының 21%-ғана ауыл балалары. Ал ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша 102 түлек қана оқу бітірген, 16 стипендиант қана бүгінгі таңда білім алуда. Аграрлық секторды заманауи технологиялармен, инновациялық жетістіктер арқылы қарқынды дамыту үшін әлемдегі озық білімді меңгерген жастар бұл салада да жұмыс істеуі керек. Ауылдағы жастардың бір ақ кемшілігі бар – ол шет тілін жетік меңгермеуі. Бірақ, оның өзін кемшілік деп айтуға болмайды, онда жастардың кінәсі да жоқ. Қайта ауыл жастарының талпынысы, еңбекқорлығы жоғары, отбасыға, туған жерге, отанға деген сезімі ерекше, патриотизмі басым. Сондықтан оларға тілді тереңдетіп үйрету үшін мемлекет тарапынан қосымша шаралар қарастырылуы керек», - деді Әли Бектаев.

Осы орайда, сенатор премьер-министрдің қарауына бірқатар ұсыныс жолдады: 

"1. Аграрлық мамандықтарды мемлекеттік тапсырыс арқылы Қазақстандық жоғарғы оқу орындарына орналастыру, мемлекеттік гранттарды бөлу құқығын ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне беру; 

2. Еліміздегі аграрлық секторға мамандар дайындайтын барлық жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының материалдық базасын, ондағы оқыту құрал-жабдықтарының жағдайын терең сараптамадан өткізіп, заманауи құрылғылармен қамтамасыз ету, ал студенттерді практикамен қамту үшін оқу орындарын ірі агрокомпанияларға бекіту; 

3. Ауылшаруашылық мамандықтарына ауыл мектептерінің түлектерін көптеп қабылдау мақсатында оларға жеңілдіктер берудің қосымша шараларын қарастыру, ол үшін ауыл балаларына бөлінетін квотаның көлемін 50%-ға дейін жеткізу; 

4. Мемлекеттік грант есебінен аграрлық жоғарғы оқу орындарын бітірген түлектерге ауылшаруашылығы кәсіпорындарында кем дегенде үш жыл үздіксіз қызмет етуді заң жүзінде міндеттеу, оған “Дипломмен ауылға” бағдарламасының мүмкіндіктерін бағыттау және аграрлық кәсіпорындарда жас мамандар үшін жұмыс орындарының квотасын белгілеу; 

5. “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелдегі және Қазақстандағы алдынғы қатарлы оқу орындарына іріктеу барысында ауыл жастарына қосымша квоталар бөлу, бір жыл көлемінде шет тілдерін тереңдетіп оқыту үшін мемлекет есебінен дайындық курстарын ашу, оларды жатақорынмен, тамақпен, жолақымен қамтамасыз етудің қосымша шараларын қарастыру қажет деп санаймыз. Аталған шаралар жүзеге асып жатса, Елбасы жариялаған «Жастар жылындағы» ауыл жастарына жасалынған қомақты қамқорлық болар еді деп есептейміз" - деді депутат.

Қымбат Елтайқызы

Өзгелердің жаңалығы