Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді

18 Қазан 2021, 11:30
5955
Бөлісу:
Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 21 қазанда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Соған сәйкес алдағы Палата отырысында сенаторлар «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесін қызметіне тағайындау туралы» ұсынымды қарайды.

Сонымен қатар күн тәртібінде екі заң жобасы қаралады. Олардың бірі – «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы. Аталған құжат теңіз ортасының жерүсті көздерінен ластануын болдырмауға және азайтуға ықпал етеді. Одан бөлек, хаттаманы ратификациялау ең озық қолжетімді технологиялар мен табиғатты қорғау тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік береді.

Депутаттар алдағы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі және қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарайды. Заң жобасы мемлекеттік сатып алуды ерекше жағдайларда ғана тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен жүзеге асыруды көздейді.

Одан бөлек, Бюро отырысында бұған дейін Мәжілістен келіп түскен «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы жұмыс үшін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне берілді.

Өзгелердің жаңалығы