Сайлаудан кейін әлеуметтік көмек тоқтатылмайды - Қуанышбек Ысқақов

7 Маусым 2019, 10:37
3047
Бөлісу:
Сайлаудан кейін әлеуметтік көмек тоқтатылмайды - Қуанышбек Ысқақов

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Президент сайлауынан кейін елімізде атаулы әлеуметтік көмекті төлеу тоқтатылады деген жалған ақпарат. Атаулы әлеуметтік көмек беру алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жәрдемақы алуға Қызылорда облысы бойынша 40 мыңнан астам көпбалалы, аз қамтылған отбасылар өтініш білдірген және алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғаса береді.

"Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде «ҚР Президенті сайлауынан кейін атаулы әлеуметтік көмек төлеу тоқтатылады» деген алып қашпа әңгімелер таратылуда. Бұл - жалған ақпарат", - деді облыс әкімі орынбасары.

Нақтырақ айтқанда, 1 сәуірден бастап аймақ бойынша атаулы әлеуметтік көмекке 40285 отбасы жүгінген. Соның ішінде 19721 отбасынан өтініштер қабылданып, 20564 жанұяға кеңестер берілді. Облыс бойынша сәуір айында 16193 отбасындағы 79004 адамға 2,1 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек берілді.

Мамыр айында 6755 отбасының өтініші қабылданды. 4332 жанұяға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, оларға 189,4 млн. теңге төленді.

"Қазір маусым айы үшін төлемдер жүргізіліп жатыр. 20 маусымға дейін 100 пайыз төленетін болады", - деді Қ.Ысқақов.

Айта кетейік, 2019 жылдың 5 сәуірінде «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізіліп ҚР Президентімен қол қойылған.

"Биылғы жылға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге бюджеттен 9,6 млрд. теңге қаражат бөлінді. Қосымша республикалық бюджеттен 5,2 млрд.теңгеге сұраныс берілді", - деді Қуанышбек Ысқақов.

Сонымен қатар, ақпан айында "Нұр Отан" партиясының XXVIII съезінде Елбасы мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға қамқоршылар мен отбасыларға жәрдемақыны 30 пайызға көтеруді тапсырған болатын.

Қ.Ысқақовтың айтуынша, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап облыста 5529 мүгедек бала тәрбиелеп отырған жәрдемақы алушылардың жәрдемақы мөлшері 31183 теңгеден 40538 теңгеге арттырылады. Бұл үшін қосымша құжаттарды ресімдеу қажет емес, төлемдер автоматты түрде көбейеді. Жәрдемақы әр айдың 1-15 аралығындағы жұмыс күндері төленеді.

Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды кәсіпкерлікке бейімдеу бағытында жүйелі жұмыс атқарылатынын жеткізді.

«Биылдан бастап көпбалалы аналарды қолдау мақсатында қайтарымсыз 500 мыңға дейін грант беріледі. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 660 млн теңге қаралған. Бұл грант 890 отбасына берілетін болады. Грантқа ие болуы үшін азаматтар өз бизнес жобаларын қорғап, қолынан келетін кәсіпті комиссияның алдында дәлелдеуі керек. Яғни конкурстық негізде беріледі», - деді Талғат Дүйсебаев.

Өзгелердің жаңалығы