Бұл сайлауда қазақ тілі саяси тілге айналды – Ерлан Саиров

7 Маусым 2019, 12:38
2587
Бөлісу:
Бұл сайлауда қазақ тілі саяси тілге айналды – Ерлан Саиров
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Саясаткер Ерлан Саиров 9 маусымда өтетін президенттік сайлаудың қоғам ішінде қандай өзгеріс әкелгенін айтып берді.

Айтуынша, бұл сайлау – билік транзиті сценарийінің бір бөлігі іспеттес.

"Бұл сайлауда билік транзиті өзекті. Шынын айту керек. Бұл сайлау – билік транзиті сценарийінің бір бөлігі. Яғни, толыққанды саяси процесс деп айтуға келмейді. Бірақ сайлау – қоғамның, азаматтардың оянғанын, сана-сезімінің бүгін бөлек болғанын, сонымен бірге осы азаматтардың елімізде өзгерістерді қажет ететінін көрсетті", - деді ол "Сайлау кампанияларының алдын ала қорытындылары" дөңгелек үстелі барысында. 

Сарапшы қазір сайлаудың тек бас қалаларда емес, шалғайдағы тұрғындардың белсенді екенін көрсетіп отырғанын айтты.

"Бұрын саяси процесс Алматы, Астана (Нұр-Сұлтан - авт.) немесе облыстық орталықтарда болатын болса, қазір ауыл-аймақтарға шығып отыр. Міне, біздің еліміздегі саяси процесс географиялық тұрғыдан әртараптандырып бара жатыр", - деді Саиров.

Сонымен қатар, ол сайлауды әлеуметтік желіні қазақтілді пайдаланушылардың белсенділігі артқанын атап өтті. Осылайша, "мемлекеттік тіл саяси тілге айналып отыр" дейді.

"Осы сайлауда мемлекеттік тілдің саяси тілге айналғаны көрінді. Егер әлеуметтік желідегі қазақ сегменті мен орыс сегментін алып қарасақ, онда қазақ сегменті үміткерлердің арасындағы, үміткерлердің платформасы, үміткерлердің бірімен-бірі күресінің нәтижесін қазақ сегменті өте қызу талқылап жатыр. Ал орыс сегменті екінші этапқа өтіп бара жатыр. Кейбір кезде қазақ сегментін түсінбейтіндер: "өте баяу" деп өзінің пікірін айтып жатыр. Ол қазақ сегментіндегі бүкіл процесті түсінбегендіктен деп айтуға болады. Сондықтан 29 жыл ішінде қазақ тілі тек мемлекеттік емес, саяси тілге айналып келе жатыр дегенге толық негіз бар", - деді сарапшы.

 

Өзгелердің жаңалығы