5 банк ай сайынғы комиссия алуды тоқтатты

2 Сәуір 2019, 18:40
11913
Бөлісу:
5 банк ай сайынғы комиссия алуды тоқтатты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Ұлттық банкі заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуге бастама жасайды. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Соңғы уақытта банктердің жеке тұлғаларға қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты ай сайынғы комиссияларды өндіріп алуы банктер, халық, реттеуші және соттар тарапынан көптеген дау туғызып, талқыланып жүрген мәселелердің бірі. 

Өз міндеттерін іске асыру, оның ішінде қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкі қаржы нарығында қалыптасатын ахуалға жүйелік талдау, сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтынушылардың өтініштерін талдау негізінде заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуге бастама жасайды.

Мәселен, 2011 жылдан бастап алынатын комиссиялардың тізбесін белгілеу, алу, сондай-ақ шектеу рәсімдерін реттеу бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізілді.   2016 жылғы 1 шілдеде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеген кезде есепке алынатын, жеке тұлғаға берілген банктік қарызды берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты комиссиялар мен өзге төлемдердің толық тізбесі бекітілген.

Тізбені енгізгенге дейін қарыз бойынша алынатын комиссиялардың саны 40 дейін жетті. Комиссиялардың толық тізбесін бекіту олардың санын қысқартуға және оларды атауы мен белгіленуі бойынша бірдейлендіруге мүмкіндік береді.

2018 жылғы 16 шілдеден бастап кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз бойынша жеке тұлға қарыз алушылардың шығыстарын оңтайландыру және қысқарту мақсатында қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шот жүргізу үшін, сондай-ақ қарызды банктік шотқа есептеу үшін комиссия алуға тыйым салу енгізілді.

2019 жылғы 21 қаңтарда «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңға түзетулер қабылданды, соған сәйкес банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шот жүргізу үшін, сондай-ақ қарызды банктік шотқа есептеу үшін комиссия алуға тыйым салу жеке тұлғалармен тауарларды, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жұмыстар мен қызметтерді сатып алу үшін жасалған банктік қарыз шарттарына қолданылды. Бұл ретте осы қағида 2019 жылғы 4 наурыздан бастап жасалған жеке тұлғалармен банктік қарыз шарттарына ғана қолданылатындығы белгіленді.

Сонымен қатар, банктер өзінің әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып, қарыз алушы – жеке тұлғалардың жағдайын жақсарту және олардың борыштық жүктемесін төмендету мақсатында өз бастамасымен қолданыстағы банктік қарыз шарттары бойынша болашақ кезеңдерге төлемдер бойынша қарыздарға қызмет көрсетумен байланысты ай сайынғы комиссияларды ұстап қалуды біржақты тәртіппен алып тастау туралы шешім қабылдады.

Ағымдағы жылғы 18 наурыздан бастап 5 банк өз клиенттеріне 2019 жылғы сәуірде қарызға қызмет көрсеткені үшін ай сайынғы комиссияларды алу тәжірибесінің тоқтатылғаны туралы хабарлады.

Осы жұмыстың нәтижелері бойынша комиссиялардың күшін жою банктердің шамамен 180 мың клиентіне қатысты болады және әлеуетті нәтиже сондай клиенттерге шамамен 30 млрд теңге соманы құрайды деп күтілуде.

Қазақстан Ұлттық Банкі банктермен бірлесіп осы бағыттағы жұмысты жалғастыратын болады.


Өзгелердің жаңалығы