Сапарбаев Жаңатаста болған өрт тақырыбын қазбалай бермеуді сұрады

21 Маусым 2021, 14:12
4814
Бөлісу:
Сапарбаев Жаңатаста болған өрт тақырыбын қазбалай бермеуді сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде есеп беру кездесуінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты.

Оның айтуынша, Жаңатас қаласында бес баланың өмірін жалмаған өртке газдың, жылудың ешқандай қатысы жоқ.
Өрттің шығу себептерін арнайы құрылған комиссия анықтады. Пәтерде өрттің шығуына газ баллонын пайдалану, жылытқышты қосу себеп болды деуге негіз жоқ. Отбасы үшін орны толмас ауыр қаза екенін білеміз. Бұл да бір Алланың ісі шығар. Отбасының үлкені жараның бетін тырнап, бұл тақырыпты қозғай бермеуді көпшілік алдында өтінді. Менің де айтарым осы. Бұл тақырыпты қазбалап, жүректерін жаралай бермейік. Оларға материалдық көмек көрсетіліп, басқа үйден пәтер берілді. Бұл іске кәсіпкерлердің қолдауымен жиһаздарын алуға да көмектестік. Қазір екі жас та жұмыс істеп жатыр, - деді ол.

Сонымен қатар ол Жаңатас қаласы тұрғындарының пәтерде газ баллонын пайдалануға қатысты Төтенше жағдайлар департаменті тиісті тексерулер жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қалаға газ тарту жұмыстары жүргізілуде, келесі жылы Жаңатас газбен қамтылатын болады.

Еске салсақ, 19 ақпанда Жаңатастағы тұрғын үйден өрт шығып, бір отбасының 5 бірдей бүлдіршіні қаза тапқан еді. Оқиғаның себебін анықтау үшін Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия да құрылған болатын.

Өзгелердің жаңалығы