Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев мерекелік күндер алдында маңызды мәлімдеме жасады.
Бұл туралы COVID-19-дың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК хабарлады.
Ол елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз екенін алға тартты.
Құрметті қазақстандықтар! Мерекелік күндердің жақындағанын ескере отырып, алдағы демалыс уақыттарын шағын отбасылық ортада өткізуді, адамдармен тікелей байланыстарды азайтуды, халық көп шоғырланатын іс-шараларды ұйымдастырмауды және оларға қатыспауға шақырамын. Баршаларыңызға белгілі, елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Әлем елдерінде вирустың таралуы шарықтау шегіне жетіп, пандемия құрбандарының саны күн санап артуда. Медицина ғалымдары да COVID-19 вирусының мутацияланған жаңа штамдарының жұғу қарқыны екі есе жылдам екендігін және аурудың ауыр ағымда өтетіндігіне әсер етеді деп дабыл қағуда. Ал адам көп шоғырланған ортада инфекцияны жұқтыру қаупі еселеп артады. Сондықтан біз барлық мерекелік іс-шараны онлайн форматта немесе өзіңіздің отбасыңызбен үйіңізде өткізуді ұсынамыз, - деді Байтанаев.
Комитеттің ресми өкілінің айтуынша, коронавирустың жаппай таралуын ауыздықтаудың ұтымды жолы - бұл сақтық шараларын қатаң сақтау және вакциналану.
Қазір өңірлердің басым көпшілігі «қызыл» аймақта. Сәйкесінше ойын-сауық, салтанатты іс-шараларды ұйымдастыруға қатаң тыйым салынған. Дегенмен де ережеге енжарық танытып, карантин талаптарын бұзушылықтар әлі де азаймай отыр. Құрметті қазақстандықтар! Сақтық шараларына салғырттық танытпауға шақырамын. Бұл жарқын мерекені ең жақын адамдармен бөлісіңіз, өзіңізге қамқорлық жасаңыз және үйде болыңыз, - деді ол.
Оқи отырыңыз: