Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімі тұрғындарға есеп беру кездесуінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жері жекеменшікке беріледі екен деген сөзге қатысты жауап берді.
ҚазҰУ-дің жері жекеменшікке берілейін деп жатқан жоқ. Қазіргі ҚазҰУ қарамағындағы жер телімінің барлығы университеттің өз құзыретінде. Егер университет басқа біреуге жер бергісі келсе, онда әкімдікке ұсыныспен шығу керек. Мына жер маған керек емес, қайтып алыңыз дегендей. Қазір университетке жаңа ректор тағайындалды. Ол кісімен де кездестік. Бұл мәселе төңірегінде де әңгіме болды. Ол кісі университетті ары қарай дамытуымыз керек, ешқандай жер берілмейді, менің ұсынысым сондай дегенді білдірді. Сондықтан бүгінгі таңда біреуге жер берейін деп жатқан әңгіме жоқ, - деді Бақытжан Сағынтаев.
Осы жылдың қаңтар айында Алматыдағы ҚазҰУ-нің жер телімі жекеменшікке өтіп кетті деген сөз тараған болатын. Аталған университет бұл сөзді растамады.