Сәбиінің дүниеге келгенін күткен еді. Ақсуда опат болған өрт сөндірушінің артында әйелі қалды

25 Ақпан 2021, 20:10
1550
Бөлісу:
Сәбиінің дүниеге келгенін күткен еді. Ақсуда опат болған өрт сөндірушінің артында әйелі қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақсудағы өртте көз жұмған өрт сөндіруші туралы жаңа мәлімет пайда болды.

Pavlodarnews.kz хабарлауынша, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығы Ернұр Өтегенов Ақсудың Театральная, 38 мекенжайында орын алған өртте қайтыс болған Ақсу қалалық №12 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Арыстанбек Машраповтың туған-туысқандарына көңіл айтты.

Оқиға таңғы сағат 07:46-да болды. Өрт 80 шаршы метр ауданға жайылып, сағат 11:00-де ауыздықталды. Оқиға орнына бірінші жеткен №12 өрт сөндіру бекетінің бөлімшесінің құрамындағы сержант Арыстанбек Машрапов түтінге оранған үйдің ішіне кірген. Өрт сөндіру кезінде оның жағдайы нашарлап, есін жоғалтты, - дейді Ернұр Өтегенов.

Біраздан соң Арыстанбек Машрапов ессіз күйде Ақсудың ауруханасында қайтыс болды. Оқиға орнында тағы бір өрт сөндіруші зардап шекті. Алайда оның қазіргі жағдайы қанағаттанарлық.

Өрт сөндірушінің өліміне байланысты тергеуді арнайы құрылған комиссия жүргізеді. Бұл жерде бірінші жасақтан кейін орын алған үй есігінің құлауы себеп болуы мүмкін. Сол себепті Арыстанбек пен оның әріптесі сыртқа шыға алмаған. Оларды терезедегі темір торды сындырып қана шығара алдық, - дейді Ернұр Өтегенов. 

Ернұр Өтегенов қалалық №12 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирінің отбасына барынша көмек көрсететініне уәде берді. 

2018 жылдың 12 қаңтарында қызметке кіріскен 1997 жылғы Арыстанбек Машрапов жұбайымен бірге жақын арада сәбилерінің дүниеге келгенін күткен еді. 

Айта кетейік, Тәуелсіздік жылдары елімізде қызметін орындау кезінде 53 ТЖ жүйесінің қызметкері қайтыс болды. Олардың үшеуі Павлодар облысының азаматтары. 

Өзгелердің жаңалығы