Рухани жаңғыру. 2 жыл. Нені жаңғырттық?

12 Сәуір 2019, 08:50
16865
Бөлісу:
Рухани жаңғыру. 2 жыл. Нені жаңғырттық?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін, 12 сәуір – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына тура 2 жыл болды.

Екі жылда біз нені жаңғырта алдық? Елбасы о баста айтқан межеге жете алдық па?

Ендеше, екі жылда рухани жаңғыру бойынша не істедік, осыған бір көз жүгіртіп көрсек.

Ақордада айтылған әңгіменің ұзын-ырғасы атқораға жеткенше мың құбылатын қазіргідей заманда неден ұттық, неден ұтылдық дегенді парықтап үлгермейтіндей ақпараттық топанның астында жүріп, 2 жылдық уақыттың әр күніне тоқталудың өзі машақат екенін аңғару қиын емес. Дейтұрғанмен, Нұрсұлтан Әбішұлы өзі атап көрсеткендей, «мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс».

Олай болса, бір пысықтап шығайық.

Назарбаев мақаласының кіріспесінде, «Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес» екенін айтты. Дегенмен, «әуелі экономика, содан кейін саясат» бағытын ұстанған еліміз үшін руханият үшінші-төртінші орынның деңгейіне түсіп кетпесе де, экономика мен саясаттан кейін қалғаны көзі қарақты қауымның көкейінде жүретін еді.

«Іздегенге сұраған» дегендей, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы қазақ ұлтының қышыған жеріне дәл тиді. Әсіресе, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген тұсы руханиятқа сусап жүрген, балакөңіл халықтың көкірегіндегі ұлттық шерін қозғап, жанына жылу сыйлады. Оны сол мақала жариялана салғаннан-ақ іліп әкетіп, өз ойларын, қолдауларын білдірген ұлт зиялыларының пікірлерінен анық болжауға болады.

«Бұл жолғы рухани жаңғырудың жөні бөлек, маңызы еліміз үшін айрықша екені даусыз. Оның негізгі ұстыны - Біртұтас Ұлт болу жолына көшіп, кемел келешегімізді жан-жақты әрі терең зерделеуге арналып отыр», - деп жазды сол кезде белгілі жазушы Әлібек Асқаров.

Иә, біз дәл осы «Рухани жаңғыру» ұғымынан күткеніміз көп болды. Тіпті, бағдарламалық мақала жарияланған кезде қазақ халқы түбегейлі баяғы ата-баба дәстүріне бет бұрып, көшпенділік дәуіріне оралады деп күткендер де аз болған жоқ. Алайда, Елбасы тура осы түсініктегі адамдар үшін де: «Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық», - деп тайға таңба басқандай атап көрсетті.

Дегенмен, «рухани жаңғыруды» кез келген жерге тықпалаушылар да табылды. Осыған орай қазіргі Президентіміз, сол кездегі ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «рухани жаңғыруды» науқаншылдыққа айналдырып, кез келген жерге тели берудің артық екенін айтқан болатын. Бұл жайлы мақаламыздың соңында толығырақ тоқталатын боламыз, әзірге «рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы қол жеткізген жетістіктерімізді санап көрейік.

«Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», - деді Елбасы. Нұрсұлтан Әбішұлы өзі атап өткендей, «латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды». Демек, біз бұл әліпбиге өтуде «тарихи сананы» жаңғырта білдік. 2025 жылға дейін толық ауысып болуды көздеген жоба, 2017 жылы 27 қазан күні Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілді. Қазақ тілінің латын әліпбиі нақтыланды.

«Екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз», - деген еді Елбасы өз мақаласында. Бүгінге дейін бұл жоба бойынша 30-ға жуық кітап аударылды. Алғашқы жылдың өзінде-ақ алғашқы 18 кітап аударылып, республиканың барлық оқу орындарына таратылды.

Осы жерде мақалада аталған - бәсекеге қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы қатарлы басымдықтарына Нұрсұлтан Әбішұлы өзі жауап беріп өткенін байқаймыз. «Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады», - дейді Елбасы өз мақаласында. Демек, біз Нұрсұлтан Назарбаевтың «рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көздеген негізгі мақсаттарына жақындай түстік.

«Үшіншіден, Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын», - деді Елбасы. Дейтұрғанмен, біз үшін осы үшінші бағдарламалық-басымдықтың күңгірт тұсы көп. Себебі, әуелі Ақтөбе облысы бастап сол өңірден шыққан танымал азаматтардың форумын өткізді, мұнан соң Жамбыл, ШҚО қатарлы облыстар жалғастырды да, соңы сиырқұймышақтанып кетті. Әрине, жекелеген азаматтар, кәсіпкерлер тарапынан өз туып-өскен жеріне пайдасы тиіп жатуы мүмкін. Дегенмен, Елбасы айтқандай, «бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді» көздеген еді.

«Туған жер» бағдарламасының ауыз толтырып айтарлық ең тындырымды ісі Көкшетауда, ШҚО-да 100-ден астам көшенің атауын және Зырьян қаласының атауын «Алтай» деп өзгерту болды.

«Төртіншіден, ...біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек», - деді Елбасы.

Еліміздің негізгі рухани құндылықтарын ерекше түлеткен, халықтың тарихи жадын дүр сілкіндірген жоба осы – «Қасиетті Қазақстан картасы» бағдарламасы болды.

Осы жоба бойынша жалпыұлттық деңгейдегі 100 нысан толық жасалып шықты. Бірақ жекелей алғанда 185 объектіні құрайды. Оларды 3D нұсқамен картаға енгізгенде, әрқайсысын жеке-жеке жасалды.

«Бесіншіден, заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабілеті деген сөз. ...Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында.

Бұл сала бойынша ең бір табысты болған жоба Киноматография туралы заңның қабылдануы болды. Сонымен қатар, Елбасының тікелей тапсырмасымен «Қазақ хандығы» тарихи сериалының түсірілуі мен түрлі деңгейдегі тарихи фильмдердің өмірге келуін де осы бағдарлама аясында жүзеге асты деуге әбден болады. Тағы бір ұлт жадын жаңғыртқан ерекше сәт – Елбасының тікелей тапсырмасымен 1 шілде күнінің «Ұлттық домбыра күні» деп жариялануы еді. Мұнан бөлек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша үздік туындылардың тізімі жасалды. Оған әдебиет саласындағы 216, «театр, кино және хореография» жанрындағы 48, бейнелеу өнері бойынша 182 және музыка саласындағы 200-ден астам шығарма енгізілді. Туындыларды алдын-ала іріктеу қоғамдық талқылауды ескере отырып жасалды.

Осы орайда, өз талантымен әлемді мойындатқан дарын иесі Димаш Құдайбергеннің шет елдерде өткізіп жатқан концерттері де «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениетті» дамытуға қосылған айрықша үлес деп қарауға болады.

«Алтыншыдан, ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн», - деді Елбасы.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғалы бері екінші рет өткізілген жобада 131 жеңімпаз анықталды.

«Сіздер – бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен кездесу барысында.

Елбасы өзі атап өткендей әр қайсысының өмірінен «талай фильм түсіріп, том-том кітап жазуға болатын» жаңа Қазақстанның бәсекелік қабілеті жоғары, заманауи қазақстандық мәдениетті дамытуға үлес қосып жүрген, сананың ашықтығы мен білімнің салтанат құрып, Қазақстанның эволюциялық дамуына жетекші болар жалындаған жастар халық арасынан суырылып шығып, сұрыпталды. Екі жылда «100 жаңа есім» жобасына қатысуға алғашқы жылы 2100 өтініш түссе, кейінгі жылы – 2388 адам өтініш берген.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы», - деді Елбасы. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл сөзі «100 жаңа есім» жеңімпаздарын анықтаған кезде анық дәлелденді. Жеңімпаздар арасында Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностардың өкілдері көп.

Міне, бұл «рухани жаңғыру» бағдарламасының 2 жылдағы сіз бен бізге белгілі, таныс, күнде көріп, естіп, құлақ құрышымызды қандырған тұсы.

Ал, сөз басында айтқанымыздай, «әжептәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылды» дегендей, «рухани жаңғыру» ұғымын (бағдарламасын емес – ред.) кез келген жерге тықпалап, ірілі-ұсақты шараларға бағдарлама логотипін жапсырып, даңғаза, құр айғайға айналдырып жібергендер де жоқ емес.

Рухани жаңғыру. 2 жыл. Нені жаңғырттық?

(2018 жылы 24 қазанда «Абай» атындағы театрда Бүкілодақтық Лениндік Жастар Одағы құрылғанына 100 жыл толуына орай мерекелік шарадан көрініс)

Тіпті, жыл сайын әкім-қаралар өздері үшін өткізетін «рухани жаңғырудан» 5-6 жыл бұрыннан бері өтіп келе жатқан іс-шараларын аяқ-астынан «рухани жаңғыру аясында» өткізе бастады. Осының ішіндегі ең сорақысы - 2018 жылы 24 қазанда Алаштың Астанасы атанған Семейдегі «Абай» атындағы (!) театрда Бүкілодақтық Лениндік Жастар Одағы құрылғанына 100 жыл толуына орай өткен мерекелік шара болды. Сорақысы сол, КПСС-тың 100 жылдығын тойлаушылар «рухани жаңғыру» бағдарламасының логотипін шара баннеріне қоса ілді. Бұл шараның «рухани жаңғыру аясында» өткендігін білдіреді.

Осы орайда Елбасының «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» мақаласында дәл осы 100 жылдығы тойланып жатқан кезең туралы не дегенін қараңыз.

«Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды», - деп айпарадай атап берді. Соған қарамастан «рухани жаңғыру аясындағы» сорақылықтар тоқталған жоқ.

Біз «рухани жаңғыру аясындағы» бір ғана келеңсіздікті айттық. Мұндай «жаңғыруларды» санай берсек, бір мақала емес, бәлкім повесть жазуға болатын шығар. Осы жерден тоқтап, сөзімізді Елбасы сөзімен аяқтасақ:

«Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр».

Осы мүмкіндікті ұлттың рухани жаңғыруына пайдалана білейік, ағайын!

Өзгелердің жаңалығы