Резеңке тәпішке, көйлекшең қаштым – зорлық көрген ана

25 Қараша 2019, 12:32
20569
Бөлісу:
Резеңке тәпішке, көйлекшең қаштым – зорлық көрген ана

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өткенде желіде "күйеуінен таяқ жемеген қатын – қатын емес" деген видео тарады. Сонда қазақ әйелдері үшін ерінен таяқ жеу қалыпты жағдайға айналған ба? Сол таяқтың салдары қанша баланы анасыз қалдырып, жетімдікке, психологиялық әлсіздікке, басқа да қиындыққа итермелеп жатқанын бәріміз білеміз. 

25 қараша – әйелдерге қатысты зорлықты жою күні. 

Бүгінгі кейіпкеріміз жан айқайын айтып, көрген қиындығын басқа әйелдер көрмеуі, іштей тынбауы үшін сырымен бөлісуді жөн көрді. Аты-жөні мен фотосын көрсетпеуді сұрады.  

Күйеуіңізбен қалай таныстыңыз?

Менің бойжеткен шағым анамның денсаулығының болмай жүрген, әкемнің төрт бауырынан айырылып құсалықтан отбасына көңіл бөле алмай жүрген кезіне тұспа-тұс келді. Ағам әскерде, інімнің де денсаулығы жоқ болатын. Өзім оқып, студенттік өмірім ауылда мал бағып, қалаға жүгіріп оқуға барып, былайша айтқанда ойын-күлкісіз есейіп кеттім. Оқу бітіріп, колледжде сабақ бердім, бірақ жоқшылық бізді әбден қинады. Үйге айтпай, несиеге ұрындым. Жасым 28-ге келгенге дейін жүріп, сыныптас құрбымның тойына қыз жолдас болуға бардым. Өмірімде көрмек түгілі, сөйлесіп көрмеген тойдағы жігіт жолдас еріксіз алып қашып, өзімді үлкен отбасылық өмірге құрбан еттім. Олай дейтінім, сол баяғы ауылдың әңгімесі "кәрі қыз, қыз емес шығар, әйтпесе біреуге тиер еді" дегендері менің көнуіме тура келтірді. Бұл – менің үлкен қателігім "ойбай, қыз болмағасын әкеп тастады" деп айтады, анамның жүрегі не боладымен қалдым. 

Мысық үйге "бүлдіріп" қойса да мен кінәлі болдым 

Отбасылық өміріңіз туралы айтып берсеңіз...

Алла бұйыртып, келе салысымен үш бала бірінен соң бірі дүниеге келді, келген жерім өздерінің ойлауынша бай тұратын кісілер болды. "Дымы жоқ кедейдің қызы" негізгі ұрыс пен таяқтың бір ұшы болды. Ең сорақысы, ортаншы балама аборт жасатпадың деп те қырылып, ақыры алдыртпағаным үшін жалғыз өзім перзентханаға ала дорбаммен 40 градус ыстықта, қолымдағы 1-2 алтынымды сатып, босандым. Күйеуім мен келгеннен әлі күнге дейін Ресей, Үндістан, Корея т.б. жерде дәнекерлеуші болып істейді. Яғни жанымда өте аз болды. Енем, бауырларының қайрауымен күйеуім "фас" десе шабуыл жасайтын алабай болды. Ата-анасына ренжісе, үйінде проблема болса да, ұрудың құрбанымын, тіпті мысық үйге "бүлдіріп" қойса да мен кінәлі болдым. 

Мектепте жұмыс істедім. Айлығым түгел енемнің қолында болатын. Іш киімді де өзі алып беретін. Жұмысқа көгеріп баратынмын. Соққының, босанғаннан кейін күтінбеудің салдарынан ауруханаға жиі түсетінмін. Босанғанда терлеудің орнына, сырттағы колонкадан су тасып, температурамен жүретін едім. Кейін жиі ауырып, ақшаны дәріге құртатын жексұрын келін болдым. Күйеуіме қанша айтсам да, елемеді. 

Резеңке тәпішке, көйлекшең қаштым

Үшінші ұлыма аяғым ауыр кезде үйде үлкен "соғыс" болды. Күйеуіме "таяқпен ұстай алмайсың, мені босат" дегенде, қылқындырып, ұрып кетті. Соңында 3 жасар баламмен жұқпалы аурулар ауруханасына түстік. Ауруханада таңға дейін көз ілмей, ойландым. Таңғы бесте кезекші дәрігерге жағдайымды түсіндіріп, балама өзім жауаптымын деп қолхат қалдырып, қалаға кеттім. Мектептегі таныс апайымнан 10 мың теңге қарыз сұрап алғанмын. Резеңке тәпішке, көйлекшең қаштым. 

Өз ата-анаңызға, полицияға неге айтпадыңыз? Неге шыдап жүре бердіңіз? 

Ағам елордада тұратын. 4 баласы бар. Олардың қасына ата-анам мен інім барды. Отбасыма күйеуімнің таяғы туралы ешқашан айтпағанмын. Амалсыз бардым. Аурушаң анам бірден ауруханаға түсті. Мен де талып қалып, емханадан бір-ақ шықтым. Психологпен сөйлескенде қашып келгенімді айттым. Сосын олар Астанада дағдарыс орталығы барын, сол жерде көмектесіп, құқығым қорғалатынынын түсіндірді. 

Ағамның отбасына кесірім тимесін деп, полициямен бірге дағдарыс орталығына бардым. Ауылда қалған балаларымды заңды түрде қолыма алу керек болды. 

Орталықта мейірбике, бала күтуші, 4 мезгіл тамақ, жатар орын және заң қызметкерлері жұмыс істейді. "Балалардың құқын қорғау " бөлімімен әкем екеуміз барып, балаларымды алдық. Мен өлгім кеп, жаман оймен шырмалып психотерапевт, психологтармен жұмыс жасап, өзіме әрең келдім. 

Дағдарыс орталығында қанша уақыт тұрдыңыз? 

Орталық 3-6 ай – өз бетіңмен күн көріп кеткенше тұрғызады. Мен алғашында күндіз үй қызметшісі, аспаз, репетитор, түнде "Магнум" дүкенінде еден жуып, етек-жеңімді жинадым... Алимент алу – қиынның қиыны. Күйеуім түк таппадым дегендегі табысы – 300-500 мың теңге. Бірақ ол "анамның зейнетақысы, арасында кішігірім табысымнан басқа ақшам жоқ" деп, жыл өткен соң балалар үшін айына бес мың төлей бастады. Заң қызметкерлері де заңды орындата алмайтыны – өкінішті. Осылай қанша ана алимент ала алмай жүр. Шырылда, күй, піс – ешкім құлаққа ілмейді. 

Дағдарыс орталығында 90% – қазақ әйелдері. Тек еңбектеніп аяққа тұрғандары саусақпен санарлықтай. 

Орталықта 6 ай тұрдым. Қала мектептерінен жұмыс іздедім. Тест тапсырып, жұмысқа қабылдандым. Бірақ пәтер жалдау, балабақша төлеуге айлығым жетпейтін болды. Сосын қала сыртындағы мектепке кірдім. Екі баламды бақшаға, үлкен қызымды даярлыққа бердім. 

Репетиторлық сынып аштым, кейін екі сыныпты қатар алдым. Аяқтан тұра бастадым. Алайда заң аясында күйеуім ұл-қызын көруге келіп тұрды. Жылады, жалынды. Кейін енем жылап келе бастады. Мен жіби алмадым, жай үнсіз шығарып сала бердім. Соңында қайын атамыз жүректен құлап, енем төрт қабырғаға қарап жылай берді, кешірім сұрады. Өз ата-анам "2 жылдан бері ешкімге үйленбеді, балаларың үшін қайтып тұрып көр" деді. 

Балаларымның "отбасы болғысы келетінін" көріп, қия алмадым

Балапандарым әкесі келгенде "Енді біз отбасы болдық па? Апай отбасы деген папасы, мамасы, балалары деген еді" деді. Сол кездегі жылағаным есімнен кетпейді. Балаларымның "отбасы болғысы келетінін" көріп, қия алмадым. Сөйтіп күйеуіме оралдым.

Осындай жағдайға әкелетін фактор көп. Көбіне қандай факт итермелейді, қалай ойлайсыз?

Дамыған заманда кенжелеп қалған  әрбір отбасында тәрбиенің ең маңызды құнды дүние екенін дәріптеуге күш салу керек. Мысалы, күйеуім ұрғанда ата-енем ажыратқан емес және мен оларға жылап шағымдансам "осыны ұрған деп тұрсың ба? баяғыда бізді оқтаумен ұратын, шыдау керек әйел" деп күлетін. 

Жанымдағы аналардың 80%-ы дәл осындай ортаға түсіп, ойранын шығаратын енелер. Өздері сол таяқтан өткенін алға тартады. Ең өкініштісі – осы. Әйелдер күйеуден таяқ жеуді қалыпты жағдай деп қабылдайды. 

Зәбір көріп жүрген аналарға кеңесіңіз...

Аналарға айтарым – қандай жағдай болмасын, шыдай тұрайын деген бос әурешілік. Аллаға сыйынып, алға қадамды өзіңіз бастаңыз. Шыдап отыру – одан сайын ұруға жол беру.

P.S. Иә, кейіпкеріміз қазір сырқат атасына қарап, пешіне нанын салып, балалары үшін бақытты отбасы болуға тырысып жатыр. Бірақ күйеуінен, ата-енесінен қорлық көрген барлық оқиға бұлай аяқтала бермейді. Сондықтан әйел зорлыққа шыдап жүрмей, бірден құқық қорғау органдарына жүгінуі керек. 

ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" кодексінің 73-бабына сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер қатарына былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер жатады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар аталған бап бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ал олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар ҚР Қылмыстық кодексінің 109 (ұрып-соғу), 110 (қинау), 131 (қорлау) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Не істеу керек?
Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырасаңыз, үндемей қалмаңыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында оның құрбандары немесе куәгерлері ішкі істер органдарына арызбен жүгінуі қажет. Жәбірленушілерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау үшін ішкі істер органдарының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану, сондай-ақ оларды Мамандандырылған дағдарыс орталығына бағыттау құқығы бар.

Өзгелердің жаңалығы