Раушан Қойшыбаева: Елдос Сметов пен Илья Ильиннің жанкүйерімін

5 Шілде 2019, 16:56
3476
Бөлісу:
Раушан Қойшыбаева: Елдос Сметов пен Илья Ильиннің жанкүйерімін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда алғаш рет 12-20 шілде аралығында пара пауэрлифтингтен әлем чемпионаты өтеді. Осы дүниежүзілік додада ел намысын қорғайтын Раушан Қойшыбаевамен сұхбаттасқан болатынбыз.

«Әлем чемпионатына ең алғаш 2014 жылы қатысқанмын. Бұл менің ең тұңғыш шетелдегі жарысым болатын. Жүлдесіз қайттым, бірақ барлық мүмкіндігімді тиімді пайдаландым. Одан кейін 2015 жылы алтыншы орынға қол жеткіздім. Ал 2016 жылы қатарынан екі бірдей әлем кубогының кезеңінде қола жүлде жеңіп (Дубай және Куала-Лумпур), Риодағы Паралимпиада ойындарына жолдама алғанмын», - дейді Раушан Қойшыбаева.

Одан кейін Риодағы Паралимпиада ойындарында 67 келіде күміс медаль жеңіп алды. Жерлесіміз Бразилия жерінде 113 келіні көтерді. Бұл салмақта 135 келіні бағындырып, әлем рекордын орнатқан қытайлық Тан Юяо топ жарды. Қола медаль 108 келі көтерген египеттік Махмуд Амалға бұйырды. 

Раушан  1966 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әкесі – Зауытбай теміржол саласында машинист болса, анасы – Балымжан Нан зауытында жұмысшы болған. 23 жасында ойламаған жерден теміржол апатына түсіп, екі екі тізесінен жарақат алған. Кейіннен жасанды аяқ жасатқан. Спортпен тұрмысқа шыққаннан кейін айналысқан. Өмірлік серігі – Бауыржанмен Алматыға емделуге барғанда танысқан. Ол Алматы облысы, Ұйғыр ауданының азаматы. Екеуінің де тағдыры ұқсас. Қазіргі кезде бұл отбасы осы ауданда тұрады. Үш бала тәрбиелеп отыр. Спортпен айналысуға жолдасы себеп болған.

«Келін болып түскен Шонжы ауылындағы спорт кешеніне жолдасым Бауыржан ертіп барды. Менің ең көзіме ең бірінші түскен – темір гантель мен штанга болды. Содан бері пауэрлифтингтен ажырағаным жоқ. Отбасым маған қолдау білдіреді. Жолдасымның қолдауы мен сенімінің арқасында осындай нәтижелерге қол жеткізіп келемін. Көбіне, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарда жүремін. Балаларымның телефон арқылы хабарласып отырмын. Оларға жолдасым қарайды», – дейді спортшы. 

Қойшыбаева пауэрлифтингке бар-жан тәнімен берілгенін айтады. Басқа спорт түріне ауысу ойында жоқ.

«Осы спортты қалай бастадым, содан бері осымен келе жатырмын. Басында ату спортына алып барған. Ол жерде негізі орын алғанмын. Бірақ екі кеменің басын ұстауға болмайды ғой. Сондықтан бар күшімді пауэрлифтингке саламын», - дейді ол. 

2016 жылғы Паралимпада ойындарының күміс жүлдегері еліміздің спортшыларынан Елдос Сметов пен Илья Ильинге жанкүйер екен. Мысалы, Рио Олимпиадасында отандық спортшыларға барып қолдау көрсеткен. 

«Мен жалпы қазақ спортының фанатымын. Сондықтан да спортшы болып жүргенім. Мысалы, 2016 жылы бізден екі апта бұрын Олимпиада ойындары өтті. Сол кездері Қазақстан спортшыларын қолдауға бардым. Бізде ол кезде оқу-жаттығу жиындары болатын. Дзюдо сайысы өтіп жатқан кешенге барып, Елдос Сметовті қолдадым. Ол сол жолы күміс медаль жеңіп алды. Өзімізге жақын ауыр атлетикадан қалыс қалған жоқпыз. 

Жекелеген спортшылардан Елдос Сметов, Илья Ильин ұнайды. Елдостың бір айтқаны бар еді: «Жарыс кезінде қобалжымай, өзіңді еркін ұстауың керек» деген. Қандай додада болмасын өз жерінде өтіп жатқандай, өзіңді еркін ұстауың керек. Сол кезде нәтиже болады. Бірақ әр нәрсенің өз нормасы болу керек. Мен Риода тым еркінсіп кеттім...Әйтпесе, алтын медаль да алар ма едім.

– Ал Илья Ильин ше...

Ол бір жағынан жерлесім. Екеуіміз де Қызылорда облысында дүниеге келгенбіз. Ильяның маған қарапайымдылығы ұнайды. Қазақылыққа жақын жігіт», - дейді Раушан Қойшыбаева.

Өзгелердің жаңалығы