Әділет Министрлігі Елорданы қайта атау рәсіміне түсініктеме берді

22 Наурыз 2019, 13:09
10734
Бөлісу:
Әділет Министрлігі Елорданы қайта атау рәсіміне түсініктеме берді

Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі Елорда атауының өзгеруінің Конституцияға және ҚР заңдарына толығымен сәйкестігін түсіндірді.

Қазақстанның елордасы - Астана қаласы. Бұл Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабында белгіленген.

Конституцияға өзгертулерді Парламент Конституцияның 53-бабы негізінде енгізе алады. Яғни Палаталардың бірлескен отырысында Парламент Президенттің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізе алады.

Алайда, Конституцияда сайланған Президенттің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату нәтижесінде Президенттің өкілеттігін өзіне қабылдаған тұлғаның Конституцияға өзгерістер енгізуге бастамашылық жасауға құқығы жоқ екендігі анықталады (48-бап).

Сонымен қатар, Конституцияға түзетулер республикалық референдум арқылы енгізілуі мүмкін (91-бап). Референдум өткізу туралы бастама құқығы Парламент немесе Үкіметке берілген. Референдум өткізу туралы немесе одан бас тарту туралы шешімді Президент қабылдайды.

Бұл ретте, егер Президент оны Парламенттің қарауына беру қажет деп ұйғарса, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулардың жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Бұл жағдайда Парламенттің шешімі жоғарыда аталған 53-бапта көзделген тәртіппен қабылданады.

Елорданы қайта атау туралы Конституцияға түзетулер жоғарыда көрсетілген рәсім бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес енгізілді.
Өзгелердің жаңалығы