"Қыз Жібек" фильмінде "Гәкку" әнін орындаған әнші Атырауда тұрады

9 Наурыз 2020, 14:14
20554
Бөлісу:
"Қыз Жібек" фильмінде "Гәкку" әнін орындаған әнші Атырауда тұрады
PHOTO
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Белгілі опера әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мунира Ижанова "Қыз Жібек" көркем фильмінде "Гәкку" әнін орындағанын көпшілік біле бермейді. Мунира Матайбайқызы бүгінде 78 жаста. Атырау қаласында тұрады. 

Бұлбұл дауысты әнші "Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы" Атырау музыка колледжінде 1975 жылдан бері хор дирижері мамандығы бойынша, дауыс қою пәнінің оқытушысы болып қызмет етеді.

Өнер майталманы қазақ киносының алтын қорына енген "Қыз Жібек" фильмінде өзінің де қолтаңбасы бар екендігін мақтанышпен айтып, сол бір кезді тағы бір мәрте еске алды. Айтуынша, танымал композитор Нұрғиса Тілендиев Мунира апайды кастингке өзі шақырған.

гәкку.jpg

Маған өнер анамның сүтімен дарыды. 5 жасымнан бастап ән айттым. Семейде туылдым. Ағам дәстүрлі әнші болды. Егістікке барып ән салатынбыз. Бой жетіп, Алматыға консерваторияға түсуге келдім. Бір күні құрбым екеуміз көшеден жүріп, бірнеше балмұздақ жеп, осыдан соң тамағым ауырып, оқуға түсе алмай қалдым. Бірақ ЖенПИ-ге түсу қиын болмады. Оны бітірген соң, сонда мұғалім боп қалдым. Өз бағымды сынап, конкурстарға қатысып, ортаға таныла бастадым. Байқауларда Нұрғиса Тілендиевтің "Ақ шағала" әнін орындап жүрдім. Бір күні композитор Нұрғиса Тілендиев пен режиссер Сұлтан Қожықов интитутқа мені іздеп келді. Маған біраз әндер айтқызды. Содан соң 8 наурызда өтетін мерекелік кешке ән айтуға шақырды. Студияға бардым. Бибігүл Ахметова "Гәкку" әнін шырқап жатыр екен. Ол кісі кетіп қалған соң Нұр аға "айналайын, қызым, мына Гәккуді айта аласың ба?" деді. Мен сол бойы қағып алдым да, қайта айтып бердім. Содан маған бір айдан кейін хабарласатын болды. Бір күні қоңырау шалып, студияға шақырып, "кастингтен өттің" деп құттықтады. Қазақтың әйгілі әншісі Бибігүл Ахметова тұрғанда, мені қалай таңдады екен? Осыған әлі күнге дейін таңғалам, - дейді ҚР Мәдениет саласының үздігі Мунира Ижанова-Уанбаева.
гәкку 4.jpg

Содан бері елу жылдан астам уақыт өтсе де, бұлбұл әншінің даусы әлі сыңғырлап тұр, Жібектің ариясын орындауы да сол қалпы. Дауысы сирек кездесетін лирика-колоратуралы сопрано.

гәкку 5.jpg

Мәдениет қайраткері талай таланттарды тәрбиелеп шығарды. Алматыдағы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Дина Дүтмағамбетова, Милан опера театрының әншісі Игорь Глушков секілді талант иелері Мунира Ижанованың шәкірттері.

Өзгелердің жаңалығы