Құсбегілер арасында тұңғыш "Бессайыс" басталды

25 Қазан 2019, 18:54
3387
Бөлісу:
Құсбегілер арасында тұңғыш "Бессайыс" басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Тараз қаласының іргесінде құсбегілер арасындағы тұңғыш "Бессайыс" бәсекесі басталды, деп хабарлады Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі.

Тұңғыш турнирді ұйымдастырушылар  – Жамбыл облыстық спорт басқармасы мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы. 

"Бессайыс" бәсекесі тамашаланатын жер – Жамбыл облысы, Бектөбе ауылындағы атшабар (Тараз қаласының аумағы). Бессайыс шарты – әр құсбегіде бүркіт, қаршыға, ителгі мен тазы ит болуға тиіс. Сондай-ақ, құсбегінің өзі аударыспақ жекпе-жегіне шығады. Тұңғыш "Бессайыс" осындай бес түрлі бәсекеден тұрады", - делінген хабарламада.

Қазіргі кезде турнирде Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл облысы, Түркістан облысы, Атырау облысы, Ақтөбе облысы, Қарағанды облысынан келген құсбегілер бақ сынауда. 

Жарысқа қатысушы 16 құсбегі арасында Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы  Бабажан Бақдәулет (Жамбыл облысы), Құсбегіліктен ІІ Азия  чемпионы Бабажан Берікболсын (Жамбыл облысы), Қазақстан чемпиондары Паң Төлемырза (Түркістан облысы), Паң Сейдолла (Түркістан облысы), Арман Қошқаров (Атырау облысы) сынды спорттық жетістіктері жоғары тәжірибелі спортшылар бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғашқы "Бессайысқа" қатысушылар құсты қолға шақыру, шырғаға салу, сұңқарға далбай тептіру, қаршығаны қоянға, түлкіге салу,  бүркітті түлкіге, шибөріге салу, 500 метрге тазы жарыстыру сияқты бәсекелер бойынша сынға түседі. Сондай-ақ, құсбегілер арасындағы аударыспақ жекпе-жегі тамашаланады. Ал, болашақтағы "Бессайыста" әр құсбегіде бір құс пен тазы ғана болады. Есесіне олар аударыспақ, арқан тарту және жамбы атудан бақ сынайды.

Құсбегілер арасындағы тұңғыш "Бессайыс" турнирі 26 қазан күні аяқталады.

Өзгелердің жаңалығы