Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы COVID-19 індеті кезінде жаназа және құдайы ас өткізуге қатысты мәлімдеме жасады.
Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Құрметті отандастар, қадірлі бауырлар! Елімізді дүрліктірген індеттің қаупі күннен-күнге өршіп бара жатқаны өздеріңізге мәлім. Ауру айтып келмейді. "Сақтансаң – сақтаймын" демекші, төрткүл әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлық таныту – өзіміз үшін ғана емес, жанымыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері хақ, - делінген хабарламада.
Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің мұсылман қауымын Жаназа намазы мен Құдайы астарға қатысудың келесідей ережесін сақтауға үндейді:
- Жаназа намазына қатысты талаптарды орындауға:
– Жаназа намазына бір ғана діни қызметкердің қатысуына;
– Жаназа намазына тек отбасы және жақын тумаларының қатысуына;
– Жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмауға;
– Бойында дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспауына;
– Жаназа намазына келуші кісі міндетті түрде санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтауға;
- Індеттен қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жууға;
– Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмауға;
– Жаназа намазы барысында қол алысып амандаспауға;
– Жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтауға;
– Қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтаруға;
– Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалар жаназа намаздарына қатыспауға;
– Қонақ асын өткізбеуге;
– Жаназадан кейінгі асты өткізбеуге немесе отбасы мүшелерімен шектелуге.
- Құдайы астарға (жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа) қатысты талаптарды орындауға:
– Астарды өткізбеуге немесе отбасы мүшелері, жақын тумаларымен шектелуге;
– Бір ғана діни қызметкердің қатысуына;
– Санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтауға.
Құрметті жамағат! Алла Тағала қасиетті Құранда: "Өз-өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар", – деп ескертеді. Өз өміріміз бен денсаулығымыз – Алла Тағаланың бізге берген аманаты. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір өсиетінде адам баласының өзіне де, өзгеге де зиян келтіруіне қатаң түрде тыйым салған, - делінген хабарламада.
Шариғатта қандайда жұқпалы аурудың белгісі тараған кезде аурудың етек алуын тоқтатуда карантин қажет екені атап айтылған. Сондықтан қазіргідей көзге көрінбейтін зиянды дерт тараған кезде оның алдын алу – әрбір мұсылман баласы үшін міндет.
Құрметті, отандастар! Сізде жөтел пайда болып, бойыңызда дене қызуының жоғарылауы байқалса немесе тыныс алу қиынға соққан жағдайда дер кезінде дәрігерге жүгінуге, сондай-ақ қоғамдық орындарға, тіпті мешітке келуді тоқтатып, құлшылықтарыңызды үйлеріңізде орындауға кеңес береміз! Алла Тағала елімізді, халқымызды түрлі ауру-сырқаудан сақтағай! Әумин!, - делінген ҚМБД таратқан ақпаратта.