QazVac вакцинасы туралы не білеміз?

30 Сәуір 2021, 13:35
2507
Бөлісу:
QazVac вакцинасы туралы не білеміз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «БҒМ LIVE» жобасының тікелей эфирінде БҒМ Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья отандық QazVac вакцинасы қалай әзірленгенін және коронавирустан қалай қорғайтынын айтып берді.

Бүгінгі күні елімізде вакцинациялау басталып кеткенін білеміз. Жаппай вакцинациялау еліміздің барлық өңірінде қазақстандық QazCovid-in (сауда маркасы QazVac) және Sputnik V вакцинасымен жүріп жатыр, - деді ол.
Күнсұлу Закарья инстаграмдағы тікелей эфир кезінде КВИ-ге қарсы алғашқы қазақстандық вакцина жайында сөз қозғады.
Былтырғы наурыз айында Қазақстанда алғаш рет коронавирус індеті анықталып, карантин жарияланды. Содан бастап институтқа Мемлекет басшысы тез арада отандық вакцинаны әзірлеуге қатысты тапсырма берді. 23 наурызда алғаш рет Алматыдағы инфекциялық ауруханада қазақстандық азаматтардан патологиялық материалын институтқа алып келдік. Осы патологиялық материалдың ішінен 7 күннің ішінде қарқынды жұмыс кезінде SARS-CoV-2 штамын бөлдік. SARS-CoV-2 штамының нәтижесінде инактивтелген, яғни өлтірілген вакцинаны әзірлеп, шығардық, - деп маман түсіндірді.

Күнсұлу Закарья айтып өткендей, инактивтелген технологияны институт ғалымдары бұрыннан қолданып келеді.

Біздің институт 1958 жылы ашылған. Мұнда бүгінгі күні әлемге танымал жоғары дәрежелі вирусология мамандары жұмыс істеп келеді. Олардың тәжірибесінде 60-тан астам аса қауіпті инфекциялардың қоздырғыштарына қарсы вакциналар әзірленді. Соның ішінде коронавирус инфекциясының инактивтелген платформасы. Одан кейінгі кезеңдерде вакцина жануарларға тексеріледі. Институттың қабырғасында 350-ден астам жануарға зерттеулер өткізілді. Оған 7 түрлі жануар қатысты. Оның ішінде алғаш рет маймылдарға (макака) өткізілді. Қазақстанда бұған дейін мұндай зерттеу өткізілмеген, - дейді ғалым.

Кейін зерттеу кезінде алынған нәтижелер Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық сараптау мекемелеріне жіберіледі. Олар өздерінің базаларында клиникаға дейінгі зерттеулерді қайта өткізеді. Ол институттың нәтижелерін дәлелдеу және тексеру үшін жүргізіледі.

Вакцина адамға жеткізілгенге дейін өте ауқымды көлемде тексеру өткізіледі. Алдымен жануарларға тексеріледі, одан кейін барып қана клиникалық тексеруге қатысқысы келген ерікті адамдарға. Клиникалық бірінші фазаға 44 ерікті қатысты, - деп институт директоры атап өтті.

Оның сөзінше, клиникалық зерттеулер вакцинаны әзірлейтін базада өткізілмейді.

Яғни Ғылыми институттың базасында емес, тәуелсіз клиникалық зерттеулерді өткізетін Физио-пульмонологиялық орталық базасында І және ІІ клиникалық зерттеулер өткізілді. Екінші фазада 200 адам қатысып, оң нәтижені көрсетіп, кейін 2020 жылдың аяғында уақытша мемлекеттік тіркеуден өттік. Уақытша мемлекеттік тіркеудің арқасында бізге өндіріске шығуға рұқсат береді. Сондай-ақ адамдарға медициналық қолданысқа беру үшін үшінші фазаның 50%-ын өту қажет. Оны біз сәуірдің аяғында өттік. Нәтижесінде оң баға алып, есепті Денсаулық сақтау министрлігіне жіберіп, 50 мың алғашқы дозаны СҚ-Фармация қоймаларына жібердік, - деді маман тікелей эфирде.

Әлемде әзірленіп жатқан вакциналарды қарастыратын болсақ, вакциналар І, ІІ және ІІІ фазадан өтеді. Кандидаттық 200 вакцина бар. Соның ішінде қазақстандық вакцина он төртінші болып клиникалық зерттеулерге шықты. Сондай-ақ әлемде бесінші болып адамдарға егуге рұқсат берілді.

Вакцина инактивтелген, яғни өлтірілген технология бойынша әзірленеді. Бұл технологияға 60 жылдан асты. Яғни бұл толық зерттелген технология. Оның ішінде құрамы, бөлігі бұрыннан белгілі, толық зерттелген. Біздің бірнеше ұрпақ осы технология бойынша вакцина өткізді. Сондай-ақ балаларға да салынатын вакциналар осы технология бойынша әзірленеді. Оның құрам-бөліктері қатер тудырмайды, залалсыз, организмге ешқандай қатері жоқ. Технология бойынша бұған тек SARS-CoV-2, яғни коронавирус ауруын қоздыртатын вирус қосылады. Бүгінгі күні әлемде әзірленіп және пайдалануға шыққан вакциналардың ешқайсысы да үшінші фазадан өткен жоқ. Зерттеулер әлі жалғасып жатыр, - деп Күнсұлу Закарья түсіндірді.

Мысалы, Sputnik V мамырда өз зерттеулерін аяқтайды. Отандық QazCovid-in (сауда маркасы QazVac) вакцинасын зерттеу осы жылы шілдеде аяқталады. Осылайша, зерттеулердің нәтижелері толық алынады.

Өзгелердің жаңалығы