Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Qazcovid-in қазақстандық вакцинасы туралы» тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг кезінде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья айтты.
Инактивтелген вакцинамыз - тұтас вирионнан жасалатын вакцина. Вирустың ішіндегі барлық ақуыздың спектрі сақталған. Сондықтан қандай мутация кездессе де, біздің вакцинадан пайда болатын иммунитет бүкіл мутацияланған штамға қарсы төтеп бере алады, - деді ол.
Спикер бұған дейін министрлік берген Qazcovid-in вакцинасының вирусқа әсері 96%-дан астам деген пайымның қаншалықты рас екеніне тоқталды.
Біз бірінші және екінші клиникалық зерттеулердің нәтижесін анализден өткізіп, сараптап, есептің ішінде бүкіл көрсеткіштерді қарастырған кезде отандық вакцинаның иммунитет сақтау көрсеткіші 96%-ға сай екенін байқадық. Дегенмен, бір ескерер жайт, бірінші фазадан кейін мұның көрсеткіші 100%-ға жетіп, екінші фазадан кейін 96% болса және адам саны неғұрлым артса, оның көрсеткіші соғұрлым төмен болуы мүмкін. Сондықтан үшінші фазаның соңында бұл көрсеткіштің тағы өзгеруі мүмкін екенін жоққа шығармаймыз, - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін отандық вакцинаға QazVac атауы берілген болатын.