Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Ақмола облыстық филиалының басшысы жолдағы ақау салдарынан өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш қалдырды. Бұл туралы «QazAvtoJol» баспасөз қызметі хабарлады.
Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде «Нұр-Сұлтан-Қорғалжын» автомобиль жолының Қорғалжын тасжолына кіреберісіндегі 62-ші шақырымында орын алған ақау туралы қоғамдық резонанс тудырған ақпарат тараған болатын.
Осы учаскеде осы жылдың 6 мамырында тасқын сулардың өтуіне байланысты көпірдің тіреуіш плитасы мен өтпелі плита арасында шұңқыр пайда болған еді.
Болған жағдайға байланысты, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Мұратұлы ақауды дереу жою туралы тапсырма берген болатын. Алайда, тапсырма уақытылы орындалмады. Сол себепті, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Ақмола облыстық филиалының басшысы өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш қалдырды. Өтінішті басқарма төрағасы қарастырып жатыр, - делінген хабарламада.
Мәліметке сәйкес, Қоғамның орталық аппаратына жетекшілік ететін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі туралы мәселе де көтеріліп жатыр.
«Нұр-Сұлтан-Қорғалжын» а/ж учаскесіндегі ақауға байланысты қазіргі уақытта қозғалыс штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. «QazAvtoJol» ҰК» АҚ республикалық маңызы бар автожолдарды пайдаланушыларға кері байланыс үшін алғыс білдіреді және уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды.