Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Зерен-2019» республикалық танымдық жастар жазғы лагері бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы ісі комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметтің жетекшілігімен салтанатты түрде ашылды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
«Зерен-2019» республикалық танымдық жастар жазғы лагері Қазақстанда Жастар жылын өткізу бойынша, жол картасы шеңберінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, жүзеге асырылуда.
Жазғы лагерьдің ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мүсірәлімова мен Зеренді ауданының әкімі Берікжан Әбутәлiпов, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Асылбек Қожахметов қатысты.
Лагерьдің мақсаты – жастарды Қазақстанның барлық өңірінде нақты іске асатын, орнықты, әлеуметтік бағыттағы бизнес жобаларды жүзеге асыруды үйрету. Лагерь жастардың өзін өзі көрсетуіне көмектесіп, жастардың, соның ішінде ауыл жастарының экономикалық және әлеуметтік сатыларға қол жеткізуіне көмектесу үшін ашылған.
«Бүгін біз еліміздің ең көрікті жерінде көптен күткен, ең ауқымды «Зерен-2019» жобасын бірге бастау үшін жиналдық. Сіздерді қызықты оқу үдерісіне толы күндер, ең бастысы – өз болашақтарыңызға қарай қадам жасау мүмкіндігі күтіп тұр! Лагерьде сіздерге жол көрсетіп, қай бағытта әрекет ету керек екеніне жол сілтейтін тәлімгерлермен, бизнес-спикерлермен емін-еркін араласа алуларыңыз үшін барлық жағдай жасалған. Сәттілік тілеймін!», - деп атап өтті Мадияр Қожахмет.
Ұйымдастырушылардың деректеріне сүйенсек, лагерьге қатысу мүмкіндігі 18 бен 29 жас аралығындағы Қазақстанның кез келген азаматына және ТМД-ның әр елінен 5 қатысушыға берілген. Лагерь үш маусымға бөлінген. Әр маусымда 200 қатысушыдан болады.
«Зерен-2019» лагерінде тұру және білім алу тегін. Бірінші ауысым 3 – 11 шілде аралығында, екінші ауысым 13 – 21 шілдеде; үшінші ауысым 23 – 31 шілде аралығында өтеді. Барлық қатысушы өз идеясын жүзеге асыру мүмкіндігіне қол жеткізеді немесе лагерь тәлімгерлерінің жетекшілігімен мүлде жаңа жоба жасай алады. Негізгі бағыттар: азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағдылары, жасыл экономика, креативті экономика және жаңа медиа салалары.
Жобаның бірегейлігі – ашық диалог алаңы болатындығында, онда танымдық үдерістің барлық қатысушысы сарапшылармен бірге стартаптар жасайды, орындалған жұмыстар қорытындысы бойынша өз бизнес-жобаларын таныстырады.
Білікті сараптамалық қазылар алқасы қатысушылар жасаған жобаларды іріктейді. Үздік 30 жоба қаржыландырылады, ал жалпы жүлде қоры – 15 млн теңге.
Алматы облысынан келген қатысушы Ақбота Жарылқасынның айтуы бойынша, осындай ауқымды, әрі маңызды жобаға қатысу шын мәнінде болашаққа берілген жолдама.
«Мен Алматы облысынан өз жобаммен келдім. Қазір оны жасап жатырмын және маған қазір тәжірибе мен «жарқ ете қалу үшін» нақты не істеу керек екенін білетін білікті маманның кеңесі жетпей тұр. Зеренге келген соң, өзіме тәлімгер таптым. Жеңіске жетіп, жобамды еліме таныстыруды армандаймын және оған барлық мүмкіндігім бар деп ойлаймын. Жастарды қолдауға арналған «Зерен-2019» тәрізді жобалар мемелкет тарапынан үлкен қамқорлық, оның үстіне тегін қатысып, 9 күн бойы жемісті жұмыс істеу мүмкіндігің бар. Жастардың бәріне өз күшін байқап көруге, байқауларға қатысуға қорықпауға, қатысуға өтініш беріп, жарып шығуға кеңес беремін, себебі солай етсек қана біз өзімізді көрсете аламыз», - деді ол.
9 күннен кейін, бірінші ауысымның соңында 10 жеңімпаздың аты белгілі болады, олардың жобаларына қаржы бөлініп, іске асу мүмкіндігіне ие болады. Осы ауысымда өз ісінің нағыз майталманы саналатын келесі сарапшылар қатысушылар алдында сөз сөйлеп, тәжірибесімен бөліседі: Қазақстанның мемелкеттік және қоғам қайраткері Әлихан Байменов, қазақстандық танымал альпинист Мақсұт Жұмаев, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев, «Bilim Media Group» компаниясының негізін қалаушы және жетекшісі Рауан Кенжеханұлы, саясаттанушы Дос Қошым және басқалар.