Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қазақстан тарихында алғаш рет әйел адам президенттікке түсіп отыр. Бұл бір жағынан еліміздегі демократияның көрінісі болса, екінші жағынан гендерлік теңдіктің іс жүзінде іске асып жатқаны. Бұл туралы саясат ғылымдарының докторы Сейілбек Мұсатаев Алматыда өтіп жатқан дөңгелек үстел барысында айтты.
Бүгін Алматы Менеджмент Университетінде «Президент сайлауы – 2019: сұрақтар және күтілетін нәтижелер» атты сараптамалық талқылау өтті. Жиын барысында ғылыми-зерттеу құрылымдары мен сарапшылар алдағы сайлау кампаниясының ерекшеліктері мен елдегі қоғамдық-саяси процестерді талқылады.
Саясат ғылымдарының докторы Сейілбек Мұсатаевтың айтуынша, біз көптен күткен еліміздің саяси іс-шарасы сайлаудың бір асуын артқа тастадық. Еліміздегі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар, қоғамдық бірлестіктер өздерінің кандидаттарын ұсынып, президенттікке үміткерлер белгілі болды.
«Қазір сайлауалды науқанының қызу басталып кеткенінің куәсі болып отырмыз. Бұған дейін кімдер кандидат болады деген болжамдар, талдаулар қызу талқыланды. Олда бір қоғамдық пікірді қоздырған мәселе болатын. Сол кандидаттарды ұсыну процесі де өте қызық болды. "Ақ жол" Қазақстанның демократиялық партиясы" қоғамдық бірлестігінің атынан Еспаева Дания Мәдиқызының кандидаттығы ұсынылған. Қазақстан тарихында алғаш рет әйел адам президенттікке түсіп жатыр. Бұл бір жағынан еліміздегі демократияның көрінісі болса, екінші жағынан гендерлік теңдіктің іс жүзінде іске асып жатқаны», - деді ол.
Сонымен қатар ол, Әміржан Қосановтың кандидаттығы ұсынылғанын, одан бөлек кәсіподақ пен түрлі қоғамдық ұйымдар өз кандидаттарын ұсынып жатқанын айта келе, мұның барлығы сайлау демократиялық құндылықтарды басшылыққа ала отырып іске асырылып жатқанын жеткізді.
«Қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың мақсат-мүддесін көздейтін, яғни саяси күштердің атынан кандидаттардың ұсынылуы еліміз үшін тың қадам десек болады. Бұдан демократияның көріністері іс жүзінде байқалып отыр. Қазір 8 кандидат бар, бұл үлкен бәсекелестікті көрсетеді. Әрине, ішінде қоғамға танымал, әрі еліміз үміт артатын азаматтар да бар. Сонымен қатар, жаңадан көзге түсіп жатқан азаматтарды да көруге болады», - деді ол.
Сейілбек Мұсатаевтың пайымдауынша, сайлауға түсіп жатқан кандидаттардың арасында саясаттағы тәжірибесін салмақтап көретін болсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев оқ бойы озық тұр.
«Ол кісі еліміздің ішінде де, халықаралық аренада да танымал адам. Сондықтан халықтың таңдауы осындай саясаткерге ауып кететіні заңдылық. Сайлаудың ұйымдастырылуы, кандидаттардың ұсынылуы іс-шараларына қарап отырсақ, сайлау туралы заңнамаға, конституцияға сәйкес өтіп жатқанына куә болып отырмыз. Ешқандай заңбұзушылықтар, қоғамдық пікірді шайқалтатын әрекеттер орын алмай өтіп жатқанына қуанып жатырмыз», - деді ол.