Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай күрделі мәселе жоқ – Тоқаев

9 Қазан 2019, 17:39
2516
Бөлісу:
Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай күрделі мәселе жоқ – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанға ресми сапармен келген Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады. 

Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін талқылады, сондай ақ аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Сергей Лавровтың Қазақстан астанасына ресми сапармен келуі екіжақты қарым-қатынастарға қосымша серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар, президент Сочидегі Валдай форумынан алған әсерімен бөлісіп, жиынның жоғары деңгейде өткенін айтты.

"Біздің елдеріміздің арасында ешқандай күрделі мәселе жоқ. Қазақстан мен Ресей сияқты әріптестер үшін солай болуы да заңдылық. Біз одақтастығымызды бекітіп және дамытуға ниетті стратегиялық әріптестерміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сергей Лавров мемлекет басшысына Қазақстан-Ресей арасындағы жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылып жатқаны туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, ол екі елдің сыртқы істер министрлері келіссөздерінің қорытындысы туралы айтты.

"Біздің пайымдауымызша, байланыстарымыздың дамуы жақсы. Қарым-қатынастарымыздың дамуына жоғары деңгейде берілген серпін, біз үшін барлық бағыттағы өзара іс-қимылдарымызға бағдар болуы тиіс", - деді ресейлік дипломат. 

Өзгелердің жаңалығы