Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтандағы әлеуметтік осал топтан шыққан мектеп оқушыларын қашықтан оқыту үшін 34,5 мың компьютер сатып алынады.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қалалық тамыз конференциясының онлайн пленарлық отырысында айтты.
Әкімнің айтуынша, тұрмысы төмен отбасыдан шыққан оқушыларды компьютермен қамтамасыз ету үшін шамамен 6 млрд теңге бөлінді.
Елордалық аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушыларды қашықтан оқыту кезінде компьютерлермен және интернетпен қамтамасыз ету үшін 6 млрд теңге бөлінді. Бұл халықтың әлеуметтік осал топтарының барлық балаларын қамтуға мүмкіндік береді. Яғни, шамамен 34 500 бала техникамен қамтамасыз етіледі, - деді Көлгінов.
Елордалық барлық білім беру ұйымында жаңа оқу жылы қашықтан басталады.
Ата-аналардың өтініші бойынша 1-4 сынып оқушылары үшін «кезекші сыныптар» жұмыс істейді. Бұл жағдайда барлық санитарлық шара қатаң сақталады. Мұғалімдердің 30%-ға жуығы штаттық режимде жұмыс істейді. Олар кезекші топтарда сабақ беру үшін жұмысқа шығады, - деді әкім.
Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар қыркүйекте компьютерлермен және роутерлермен қамтамасыз етіледі.
Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды бірқатар әлеуметтік шара арқылы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Жалпыға міндетті оқу қоры шеңберінде әр оқушыға мектеп құралдарын сатып алуға 40 мың теңгеден бөлеміз, 7 мың бала «Мектепке жол» акциясымен қамтылады, - деді Алтай Көлгінов.Сондай-ақ, балабақшалардағы «кезекші топтардың» жұмысын жалғастыру жоспарда бар.
Естеріңізге сала кетейік, жаңа оқу жылында берілетін көмекті кімдер ала алатыны туралы жазған болатынбыз.