Қарағанды облысында биыл 11 инвестициялық жоба іске асырылады

4 Сәуір 2019, 09:28
2871
Бөлісу:
Қарағанды облысында биыл 11 инвестициялық жоба іске асырылады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов облыстық Қоғамдық кеңес алдында есеп берді. Аймақ басшысы өңірдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті. 

2018 жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген жұмыстар аймаққа 21 пайыз өсіммен 470 млрд теңге инвестициялық қаражатты тартуға мүмкіндік берген. Бұл 2017 жылға қарағанда 100 млрд теңгеге артық.

Қазіргі уақытта өңірде 1 триллион теңге көлеміндегі 35 ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. 2018 жылы 8 жоба пайдаланылуға берілді. Оның ішінде «Саран КЭС» ЖШС күн электр станциясы, катодты мыс шығару зауыты «Sary-Arka Copper Processing» ЖШС, машина жасау өндірісін жаңғыртуға арналған «Maker» ЖШС, ақ алтын өндіру фабрикасының өнімділігін арттыратын «Алтыналмас» АҚ бар.

«Жобаларды іске асыру және жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту – инвесторлармен жасалған тиімді жұмыстың нәтижесі. Барлық тартылған инвестициялардың 85 пайызы жекеменшік болып саналады. Оның 50 пайызы шетелдік инвестициялар. Облыста 1 триллион теңгеден астам сомаға 9 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 35 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, шетелдік капиталмен – 18 жоба жүргізілуде. Инвестициялаудың негізгі салалары – металлургия, баламалы энергетика, машина жасау мен химия. Оның ішінде 2018 жылы 8 жоба іске қосылды», - дейді облыс басшысы.

Ерлан Қошановтың сөзінше, өткен жылы облысқа 470 миллиард теңге инвестиция тартылған, бұл қаржы 2017 жылмен салыстырғанда 21 пайызға, яғни 100 млрд теңгеге көп. 

«2019 жылы Қарағанды аймағында жалпы соммасы 140 миллиард теңгені құрайтын 11 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар 1,5 мың жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек. Жобалардың қатарында техникалық газ өндіретін «Linde Gas», жезден жасалған бұйымдарды жасайтын «Steel Manufacturing», ферросилиция өндіретін «YDD Corporation» компаниялары бар. Сондай-ақ, «Альфарух»көтерме-тарату логистикалық орталығының бірінші кезеңі тапсырылатын болады», - деді Қарағанды облысының әкімі.

Облыс әкімі үстіміздегі жылдың соңына дейін аймаққа 550 млрд теңге көлеміндегі инвестиция тарту жоспарланып отырғандығын айтты.

«Өткен жылы әлеуетті инвесторлар үшін «шоу-рум» аштық. Жоспарланатын және орындалған жобалар жайлы төрт тілде толық ақпарат беретін investinq.kz ақпараттық порталы жұмыс істеп тұр. Әрбір инвесторға жеке менеджер бекітілген. Олар инвестордың кез-келген заңдық, тіпті тұрмыстық мәселесін шешуге көмектеседі. Осы уақытқа дейін бізбен жұмыс істеп келгендер қонақжайлылығымызға тәнті және ұсынылатын шарттардың тиімді екендігін көргеннен кейін жаңа жобаларға қаржы құюға ниетті. Мысалы, «Linde Gas» компаниясы екінші зауытын салуға кірісті және Саран қаласындағы күн электр станциясын салған инвестормен тағы да 500 млн еуро көлеміндегі меморандумға қол қойдық», - дейді әкім.

Бүгінде Қарағанды облысына инвестиция тартуда «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының маңызы зор болып отыр. Мемлекеттік қолдау құралдарының бірі болып табылатын аймақта қазір уақытта 15 компания қатысушы мәртебесіне ие, оның ішінде, 7 жоба іске қосылып, 8 жоба іске асырылу сатысында.

Өзгелердің жаңалығы