Прокуратура сәби өлімі фактілеріне ауқымды тексерулер жүргізеді

8 Тамыз 2019, 12:16
2484
Бөлісу:
Прокуратура сәби өлімі фактілеріне ауқымды тексерулер жүргізеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сәби өлімі фактілері бойынша дәрігерлердің кінәсі бар жоғын Атырау облысы прокуратурасы анықтайды, деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Биыл облыстық перинаталдық орталықта 133 сәби өлген. Олардың 56 туған бойда шетінесе, 77 анасының құрсағында қайтыс болған. Дәрігерлер шұғыл брифинг шақырып, шетінегендердің  саны 133 емес, 56 сәби екенін айтты. Ал, қалған 77-і – 6 апта, немесе 20, 25 апта мерзімде шетінегендер.

"Ал, медициналық статистикаға іліккен 56 нәрестенің туғандағы салмағы әртүрлі. Айта кететін жәйт, биыл салмағы бір жарым келіге жетпей туған сәбилердің саны артқан – бұл ең осал категория, олардың арасында, әсіресе, 1 келіге жетпей туғандардың арасында шетінеу көп болады. Бұрындары салмағы 600-800 грамм нәрестелерді дәрігерлер сақтап қала алмайтын еді. Биыл осындай сәбилерді аман сақтап, қатарға қосқан жағдайлар болды. Сондай-ақ, қайтыс болған 56 нәресте респираторлық дистресс-синдромымен (өкпенің тыныстауға қабілетсіздігі), басқа да даму кемістіктерімен туған", - делінген таратылған ақпаратта.              

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймурзиева жарты жылдың қорытындысымен сәби өлімі тұрақтанғанын хабарлады. Ал, биылғы жылдың жеті айында өткен жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда бұл көрсеткіш 1 процентке төмендеген. Материалдық-техникалық базаны жақсарту және кадрларды дайындау бойынша алынып жатқан шаралар алдағы уақытта оң нәтиже береді деп күтілуде.

"Биылғы жылы сәби өлімінің ішінде күні жетпей туылған балалардың үлес салмағы басым. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда олар екі есе көп туған", - деді Аймурзиева.     

Оның айтуынша, бұл осындай нәрестелердің өміршеңдігі өте төмен екенін көрсетеді. Десек те, өткен жылы мезгілі жетпей, дене салмағы экстремалды төмен болып туған сәбилердің шетінеуі 100% болса, қазір осындай 4 нәрестені дәрігерлер аман алып қалды. Сондай-ақ, биыл дүниеге келген балалар өткен жылмен салыстырғанда аз болғандықтан, жанамалы түрде бұл да көрсеткішке әсер етеді – бала туу неғұрлым аз болса, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда соғұрлым жоғары болады.    

Брифингке қатысқан, облыстық перинаталдық орталықтың неонаталдық қызметінің басшысы Гүлмира Абекееваның айтуынша, перинаталдық орталықта  ең ауыр экстрагениталдық патологиясы бар әйелдер, жүктілігі өте күрделі, қиын жағдайда өтіп жатқан, сондай-ақ, бұрын баласы шетінеген әйелдер қабылданады. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Құдаманованың айтуынша, мемлекет басшылығының, министрліктің саясатына сәйкес ана мен бала мәселесіне әрдайым басымдық беріледі. Мезгілі жетпей туған балалар саны өскені байқалып, ескеріліп отыр. Өткен жылы Атырау облысында босануға көмектесу шараларына 1 млрд 300 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалды.          

"Атырау облысы үшін өзекті мәселе - болашақ аналардың анемияға ұшырауы. Әрбір екінші жүкті әйел анемиядан зардап шегеді. Бұл тұқым қуалаушылықтан да болады, әйелдің өмір салтына да байланысты. Медиктердің айтуынша, өмір салты мен экологияның жүкті әйелдің жағдайына әсері 55% құрайды екен. Діни нанымның ықпалымен жүктілік кезінде зерттеуден өтуден қашқақтайтын, қажетті вакциналар мен дәрі-дәрмектен бас тартатын әйелдер бар", - делінген таратылған ақпаратта.       

Үйде босану фактілері де кездеседі – облыс бойынша айына 5-6 жағдай. Бұндай жағдайлардың негізгі себебі – «Жедел жәрдемнің» кеш шақырылуы. Бірақ, жоғарыда айтылғандай діни көзқарасына байланысты әдейі үйде босанатындар да бар. Кейін оларды сәбилерімен перинаталдық орталыққа апаруға тура келеді. Мұндай жағдайлар ана мен болашақ сәбиге қатер төндіреді. 

Өзгелердің жаңалығы