Профессионалдар. Йогиня

14 Қыркүйек 2020, 09:50
3354
Бөлісу:
Профессионалдар. Йогиня
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Йога – психологиялық, рухани және физикалық практикаларды қамтитын  тәжірибе. Қазақстанда да йогамен айналысу кеңінен тараған.

Ал йогамен айналысатын әйелді санскрит термині бойынша йогиня деп атайды. Бұл термин алғаш рет Оңтүстік-Шығыс Азия мен Үлкен Тибеттегі буддалардың рухани ұстазы мен индуист әйелдерге сыйластық ретінде айтылған. Қазір ол әлемдік тәжірибеге кіріккен сөз. Қазақстанда да жоқ емес. Бүгінгі профессионал – йогиня Лаура Алдунгар.

aee2590c-dfc6-4036-bf1e-6af5558bc5b1.jpg

Лаура Алдунгар 33 жаста. Ол атағандай, көпшілігі оның биологиялық жасынан физикалық түр-әлпеті әлдеқайда жас көрінетінін айтады.

Жас деген ол тек қана сан. Шын мәнінде, адамның жаны жас болса, сырт көзге де солай көрінеді. Сондықтан менің жасыма және оған сәйкестігіме қатысты көп жылы сөздер айтылады. Йоганың арқасында мен денсаулығымды әлдеқайда жақсарттым. Барлығы генге байланысты дейді, геннің өзі үлкен еңбектің нәтижесі. Мен қатаң тәртіпте өскен баламын, әкем - әскери адам. Бұл да өмірімде көп рөл ойнады. Мен қаржыгер мамандығын тәмамдаған болатынмын. Алдымен ресторатор болып жұмыс істедім. Кейін диплом бойынша қызмет етейін деп, көпшілік сияқты жалдамалы жұмысқа тұрдым. 3 жыл солай жұмыс істедім. Бірақ бір орында жалақы мардымды болса да, отыра алмадым, - дейді кәсіби маман.

2bcc1605-266d-4ded-bfd7-a983a6938f8a.jpg

Лаураның осы кезден бастап өзін-өзі тану, рухани үйлесімді іздеу жолы басталады.

Мен спортпен бұған дейін де шұғылданатынмын. Бірақ йогаға сияқты көп көңіл бөлмейтінмін. Менің бірінші ұстазым «сенің ниетің болса, уақыт пен қаржы табасың» деді. Сол кезден бастап йоганы тәжірибелей бастадым. Табиғатымнан денемнің жаттығуларға икемі бар болды. Ол дамымай тұрған еді. 1,5 жылдан кейін ұстазым маған «енді өзің де сабақ бере аласың» деді. Алайда мен оған қатты көңіл бөлмедім. Себебі оған жеңіл нәрсе ретінде қарадым. Мен үшін ол хобби еді. Ешбір сабақты қалдырмай, күніне 3 рет барып йоганы тәжірибелеп жүрдім. Ол кезде «fly йога» дегендер әлі дамымаған еді. Енді ғана кірігіп келе жатқан. Сол кезден бастап өз ұстазымды алмастыра бастадым. Ол кездері йога 20 мың теңге болатын. Йога спорттың қымбат түрі болып саналады. Себебі бұл - өз денсаулығың мен жаныңа құйған инвестиция. Ол үшін ақшаны аямау керек, - дейді ол.

83c19430-7d5f-4604-98f7-63f7cc86a215.jpg

Лаура Алдунгардың йогамен айналысып келе жатқанына 7 жыл. Алғашқы ұстазынан 2-3 жыл тәлім алған соң, ол негізгі жұмысына қосымша ретінде йоганы қосады.

Кейін тек йоганы қосымша табыс қана емес, негізгі табыс көзіне айналдыруға бел будым. Адамдардың өзгере бастағанына куә болдым. Олар маған алғыстарын жаудыра бастады. Бұл мен үшін үлкен жеңіс әрі мотивация еді. Осындай оқиғалардан кейін бұл менің миссиям екенін түсіндім. Ол кезде кундалини бағытын меңгеріп жүрген едім. Қазір барлық түрін білемін. Соңғы екі жылда халықаралық дәреже бойынша біліктілігімді арттырдым. Онда Үндістаннан арнайы маман келіп оқытты. Ол оқу үшін мен таңғы 5-те тұрып баратынмын. Себебі 6-да йога тобыма сабақ басталатын. Мұндай режим мен үшін, әрине, қиынға соқты. Алайда ол оқудан көп үйрендім және өз уақытымды тиімді пайдалануға дағдылана түстім, - дейді йогиня.

4db216d4-5514-45f4-91b3-87bac1830985.jpg

Йогамен қоса ол бидің барлық түрін меңгерген.

Йогада біз дене икемін дамытамыз. Ал биде пластика дамиды. Екеуі мүлдем екі бағыт. Менен көпшілігі «үйреніп, сол саланың кәсіби маманына айналуға бола ма?» деп сұрап жатады. Әрине, болады. Қазір барлығына қол жеткізуге болады. Мен йогаға келетін адамдарға бағыт-бағдар көрсетіп жатқанымды мақтан тұтамын. Себебі оған келген адамдар бірден алып кете алмайды. Йога алдымен ойдың жаттығуы. Оған түпсаналық тұрғыда дайын болып келу керек. Алдымен мен адамның дене икемін бағалауым керек. Жаттығу кезінде оның барлық осал тұсы мен денсаулығының дайындығы көрінеді. Содан кейін мен өзім үшін шешім қабылдап, әрбір келген адамның мүмкіндігіне қарай оны бағыттаймын, - дейді Лаура Алдунгар.
19352080-fb70-4e9f-bc3e-9361c1350d6b.jpg

Көп адамдар кейбір жаттығуларды көріп «мен олай істей алмаймын» деп қорқып жатады. Оның айтуынша, жүйелік оқыту мен бағыттаудың нәтижесінде келушілердің жағдайы жақсара түседі.

Бұл – менің жолым. Оған салқын сана қабылдаған шешіммен келдім. Қазір мен ет жеуден бас тарттым. Себебі оның пайдасы аз екенін түсіндім. 3 жыл болды, тек балық өнімдерін ғана тұтынамын. Бірақ мен ешкімге «ет жемеңдер» деп насихаттап отырған жоқпын. Сүтті де тұтынбаймын. Ол бойынша ешкімге кеңес бере алмаймын. Тек өзімде бар ақылмен, біліммен бөлісемін. Йога – ең алдымен денсаулықты жақсарту, рухани баю. Асаналарды (дене жағдайы) орындау арқылы ішкі органдарды қозғаймыз, өмірлік маңызды нүктелерді басамыз. Сол арқылы қажетті гормондарды бөлеміз. Адам жұмыстан кейін шаршап йогаға келсе де, денедегі блоктарды алу арқылы барлығын ұмытады, - дейді профессионал.

2814774f-5268-49d3-8752-48b0466692fe.jpg

Йогада бапкер деген түсінік жоқ. Тек йога тәлімгер, оқытушы деген ұғым бар. Себебі йогиняның айтуынша, олар спорт командасын жаттықтырмайды.

Мен йогаға келгенде өте талапшылмын. Себебі біз әркез өзімізді аяуға бейімбіз. Оның әсерінен адам кейде өзінің қандай мүмкіндігі бар екенін білмей жатады. Сондықтан да йогамен жаттығуға аз адам келмейді. Әрбір адам өзі таңдау жасайды, - дейді ол.
Лаура атап өткендей, йогамен айналысу үшін тамақтану режимін де жолға қойған жөн. Себебі йога тек ойдың ғана емес, дененің де жұмысы.

Сондай-ақ, жаттықтырушы йогадан бөлек те спорт түрлеріне машықтанған. Ол алыс шақырымдарды бағындаратын жүгіруші және нәзіктігіне қарамастан бокспен айналысады.

Қазір пандемия кезеңінде көп қызығушылықтарымды жүзеге асыра алмай жүрмін. Мысалы, хоккей мен футбол көргенді ұнататынмын. Қазір тек йога тәжірибесі ғана барлығын сақтап тұр. Үйде демалып жатырмын деп, ештеңе істемесеңіз де беліңіз ауырып, мазаңыз кетуі мүмкін. Осы кезде йоганың бір-екі жаттығуын жасасаңыз, арқа мен бел үшін таптырмас құрал болады. Декреттегі әйелдер де йога тәжірибесіне жүгінеді. Себебі тұрмыстық істерден аз уақытқа болсын арылып, жаның мен тәніңді ретке келтіру аса маңызды, - дейді йогиня.
Лаура атап өткендей, йоганы кез келген адам оқып, меңгере алады. Алайда бар сұрақ оның қандай жаттықтырушы болуында. Йога оқытушы деген - тәжірибе мен қоршаған орта. Себебі оған кез келген адам бара бермейді.
Менің әрбір сертификатымның құны 400 мың теңге тұрады. Яғни, бұл тек сатып алынған қағаз емес. Ол уақыт пен көңілдің, қаржының кетуінен келген еңбек. Бірақ адам бәрібір рухани құндылықты таңдайды. Себебі оған басқа тараптан береке келеді, - деді ол.

Йогиня әрбір істің шекарасын білу керек екенін айтады. Яғни, өз дініңнен бас тартып, наным-сенімді ауыстырудың қажеті жоқ.

Менің буддизмге өткен жоқпын. Алайда йоганы тәжірибелеп, адамдарды оқытамын. Соңғы 5 жылда йогамен айналысатын адамдар саны күрт өсті. Бұл - қуанышты жағдай. Себебі бастапқыда адамдарды йогамен айналысуға шақыру, адам жинау өте қиын болатын. Қазір көп адам өзін тыңдауға көңіл бөліп жатыр, - дейді ол.

Адам денесінің оң бөлігі еркекке, сол бөлігі әйелге жатады деп саналады.

078771f5-885e-48bb-8c45-b170547a3d70.jpg

Ерлерде әйел бөлігіне қатысты жаттығулар, әйелдердің керсінше ерлер жағына қарай икемі молырақ болады. Йога сол екі тарапты бірдей етіп, үйлесім табуға мүмкіндік береді. Мәселен, ерлі-зайыптылар йоганы бірге тәжірибелесе, олар бір-бірін жақсы түсініп, сыйластығы арта түседі. Мен өз тәжірибемде әйелдерді саналы түрде өмір сүруге, позитивті ойлауға машықтандырамын. Йога жаттығуларының нәтижесінде әйелдің мүсіні де сұлулана түседі. Денемен қатар ой да әдеміленеді. Әйел энергия беруші, ол сәуле шашыратуы керек. Ал еркек әйелден алған сәулені әлемге таратады. Тіпті спорттың өзге түрімен айналысатын ерлер йогаға келетін жағдайлар аз емес. Бұл - қуантарлық жағдай, - деп түйіндеді Лаура.

Өзгелердің жаңалығы