Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарының жеңімпаздарын марапттады.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын берудегі мақсат – белсенді жастардың шығармашылық ортасын қалыптастыру және олардың тың бастамаларына мемлекеттік қолдау көрсету.
Байқау талабына сәйкес грантқа 14-29 жас аралығындағы үміткерлер ие болды.
Гранттар жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар – жаңа IT, бизнес және медиа бағыттары бойынша берілді.
Мысалы, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының мәдени бағыты бойынша VR-тур сайты арқылы 3D виртуалдық турларды жасағаны үшін материалдық техникалық қамтамасыз ету басқармасының инженерлік орталық респуликалық кәсіпорнының қызметкері Саят Тоқсанбаев марапатталды.
Мәдениет бағыты бойынша «ҚазАқпарат» ХАА маманы Руслан Жұбаныш та марапатталды.
Сондай-ақ қазақ ертегілерінің мультипликациясын жасағыны үшін Маңғыстау облысынан мектеп оқушысы да марапатталды.
Осы бағыт бойынша грант алған Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжінің оқытушысы Думан Әкім өзінің игі тілегін білдірді.
Осыдан жарты жыл бұрын грантқа құжаттарымдым тапсырғанда сіздердің алдарыңызда жеңімпаз ретінде сөз сөйлеймін деп ойламадым. Бұл- мен үшін үлкен мәртебе. Жастарымыздың танымы терең тұлға болып қалыптасуы үшін мәдениеттің орны ерекше. Осыған орай «Театр шығармашылық талант» атты жоба әзірледік. Біз бұл жоба аясында балалар мен жеткіншектерге арналған халықаралық театр фестивалін ұйымдастырамыз. Арманым-болашақта балалар сахнада ойнайтын бірегей театр ашу. Осылайша, еліміздің жастарын өнер арқылы әлемге танытқым келеді, - деді ол.
Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының сыйлығы 3 млн теңгені құрайды.