Президент Түркістан және Қарағанды облыстарындағы жағдайға байланысты кеңес өткізді

24 Шілде 2020, 12:00
3491
Бөлісу:
Президент Түркістан және Қарағанды облыстарындағы жағдайға байланысты кеңес өткізді

Нұр- Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы оқиғаларға байланысты Президент Әкімшілігінің басшылығымен, Түркістан және Қарағанды облыстарының әкімдерімен, құқық қорғау органдарының басшылығымен кеңес өткізді деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли. 

Дер кезінде қабылданған шешімдердің арқасында Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы жағдай тұрақталды. Тәртіпсіздіктің қайталануына ешқандай себеп жоқ. Президент жағдайды бақылауда ұстап, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, ел ішіндегі тұрақтылықты бұзуға талпынған арандатушылардың алдын алуды, құқық бұзушыларды заң аясында жауапкершілікке тартуды тапсырды, - деді ол. 
Ол атағандай, Президент аталған аймақтардағы халықтың ең басты әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктеріне назар аудару керек екенін айтты. 
Ал құқық қорғау органдарына кәмелет жасына толмаған қызды зорламақ болды деген күдікпен ұсталған Сәтбаев қаласының тұрғынына қатысты тергеу жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, оның қорытындысы туралы жұртшылыққа нақты ақпарат беру туралы тапсырма берді, - деді Берік Уәли. 
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысының Шорнақ ауылында жастар арасында тұрмыстық жанжал болған еді. Бүгін Ерлан Тұрғымбаев полиция қызметкерлері жұмысты күшейткенін айтқан еді.  Сонымен қатар, Сәтбаевтағы жағдайға қатысты бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
Өзгелердің жаңалығы