Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Мемлекет басшысының көмекшісі Мұрат Нұртілеуовтың айтуынша, президент Қытайда жазасын өтеп жатқан Ақжарқын Тұрлыбайдың анасының хаты жайлы біледі."Біз бұл хатты алдық. Мен Мемлекет басшысына Бейжіңге ұшар алдында ол жайында баяндадым. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені жоғары деңгейде көтерді. Аталған жайт СІМ бағыты бойынша талқыланады. Біз бұл мәселені дұрыс шешу үшін бар күшімізді жұмсаймыз", - деді Мұрат Нұртілеуов.
Атап өтсек, жақында Қытайда жазасын өтеп жатқан Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова президентке хат жазып, қолдау сұраған болатын.
Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Қытайда есірткі контрабандасымен ұсталды. Дегенмен, ол өз кінәсін мойындаған жоқ. 2015 жылы Ақжарқын Тұрлыбай сотталды. Ал 2016 жылы үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.
Біз осыған дейін Ақжарқынның түрмедегі өмірі жайлы хабарлаған едік.
Бұған дейін президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қытай Қазақстан жеріне көз алартып қарамайтынын айтқан еді. Сондай-ақ, Тоқаевтың АҚШ-қа сапармен баратынын жеткізді.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қыркүйекте Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барып келген болатын.