Пойызда зорлық көрген қыз басынан өткенін айтып берді

12 Тамыз 2019, 16:58
5120
Бөлісу:
Пойызда зорлық көрген қыз басынан өткенін айтып берді
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пойызда зорлық көрген ақтөбелік қыз басынан өткенін айтып берді. 

"Маған қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс айтамын. Менің басымнан қиын жағдай өтті. Мен пойызда зорлық көрдім. Бұл жай да емес, люкс санатындағы пойызда болды. Ғылыми конференцияға қатысып келе жатқанмын. Мен осы пойызға кешігіп қала жаздаған едім. Кешікпегеніме қарағанда осы оқиға болайын деп тұрған ғой. Мен өмірім кәсіби мамандардың қолында деген сенімде болдым. Осы оқиғадан кейін тергеушілер, криминалистер мен жолсеріктер менің басымнан өткен жағдайға бей-жай қарады. Олар зорлық туралы айтсаң, ақша қажет деп ойлайды. Бұл оқиға туралы көп өсек-аяң айтылды. Мен өз арымды қорғау үшін 10 ай арпалыстым. Жәбірленушіні ешкім қолдамайды. Тергеушілер зорлық көрген адамның тезірек ақша алып, дәлелдің жоқтығынан істі жапқысы келеді. Барлығында "неге мен айғайламадым?" деген сұрақ туындады. Психологтардың айтуынша, әркімнің реакциясы әртүрлі болады. Мысалы, мен айғайлай, қозғала алмай қаламын. Таңғы сағат төртте ұйықтап жатқанда біреу келіп, зорлық көрсетсе, тіпті өзіңнің қайда жатқаныңды түсінбей қаласың. "Өлтіріп тастай ма?" деген де үрей туды", - деді жәбірленуші.

Оның айтуынша, екінші жігіт те ойындағысын істеген. Барлық тергеуші оған "Үшеуің келісіп, төсектес болғансыңдар, ішімдік ішкенсіңдер" деген. Ал жолсерік купедегі адамдарды шығарып, ішіне кіріп, сыра ішіп отырған. Жәбірленуші алкоголь ішпегенін жеткізді. Зорлық көрген қыз жолсеріктердің оны аңдығанын айтты. Яғни, ол жолсеріктер жалғыз жүрген қыздарды аңдитынын жоққа шығармады. Ал зорлық болғаннан кейін пойыздағы қызметкерлер одан жолсеріктерді кешіруін сұраған. Олар жолсеріктердің отбасылы, балалы-шағалы екенін алға тартқан. Жәбірленуші "егер менің жанұям, балам болмаса, мені зорлай беру керек пе?" деп жылады.

пойыз.jpg

Фото: дереккөз

Қыз көптеген тексеруден өткенін, тергеушілер онымен өте дөрекі сөйлескенін айтты. Ол полиция көптеген заң бұзушылыққа жол бергенін жеткізді. Тіпті тергеушілер, адвокат, барлығы жан-жақтың ақша ұсынғанын, "Бұның зорлық екенін дәлелдей алмайсың" дегенін жасырмады.

Жәбірленуші тергеушілерден жасы үлкен ата-анасына ештеңе айтпауды өтінген. Дегенмен, тергеушілер ата-анасын жауап алуға шақырмақшы болады. Осыдан кейін оған адвокаттан бас тартып, прокуратурадан көмек сұрауға және қоғамдық резонанс тудыруға тура келеді. Одан соң осы туралы жазба жарияланады.

"Мен зорлық көрген адам ретінде зорлық-зомбылық туралы заңды күшейтуді сұраймын. 2,5 жыл. Бұны әділ деп санайсыздар ма? Мен ҚТЖ өкілдерінен пойыздардағы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұраймын. Қандай да бір жедел кнопка не бейнекамера болсын. Сонда маған осынша ай бойы зорлықты дәлелдеу керек болмас еді. Купелерді ерлер мен әйелдердікі етіп бөлсін. Әйел жолаушыларға әйел жолсеріктер қызмет көрсетсін. Пойызда барлық ережелер сақталсын", - деді жәбірленуші.

Атап өтсек, елордада "Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатамыз" атты дөңгелек үстел өтіп жатыр. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев зорлық жасағандар үшін жаза күшейтілетінін айтқан болатын.
Өзгелердің жаңалығы