Пойызда зорлау, билетті алып-сату: Мұрат Әбенов неден күдіктенеді?

31 Шілде 2019, 13:31
3576
Бөлісу:
Пойызда зорлау, билетті алып-сату: Мұрат Әбенов неден күдіктенеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін қоғам қайраткері Мұрат Әбенов теміржол саласындағы заң бұзушылықтарды атап, оларға әлі күнге дейін дұрыс көңіл бөлінбей келе жатқанын айтты.

Мұрат Әбенов соңғы кезде жолсеріктердің жолаушыны зорлау оқиғасы жиі талқыланып жатыр деді.  

«Бұл жағдай жүйедегі проблемаларды көрсетті. Егер бұны қарастырсақ, бұнда кадрлық проблема бар ма, жолсеріктерді жұмысқа алғанда сыбайлас жемқорлыққа жол беріле ме, жолсеріктердің қандай қасиеттеріне қарайды деген сұрақтар туындайды. Олар бұрын да осындай заң бұзушылық жасады деген күдік бар. Нақты жұмыс кестесі жоқ, жолсеріктердің демалатын орны жоқ. Сондықтан олар жолаушылардың купесіне кіруге ұмтылады, тальгода солай. Бүгінгі таңда билетті қайта сатудың кесірінен кім көрінген пойызға кіреді. Зорлық қөрген әйелге қатысты қылмысқа келсек, сонда жолсерік түн ішінде вагонға кіріп, жолаушылардан орындарын ауыстыруды талап ете алатын болып тұр ғой. Жұмыс орнында спирттік ішімдік ішу және тағы басқасы, бұның бәрі басқару процедураларының, жұмыс үрдістерінің нақтыланбауынан орын алып отыр. Бұл заң бұзуға мүмкіндік беріп отыр. Өзбекстанда пойызға электронық билет арқылы ғана кіргізсе, бізде жолсерікпен келісіп кіре береді. Біз билет сатылымын бақылау туралы айтқанда, бұл бірінші кезекте азаматтардың қауіпсіздігі екенін алға тартуымыз керек. Біз қазір қасымызда кімнің келе жатқанынан бейхабармыз. Кімнің ұрлап, өлтіріп не зорлап кететінін білмейміз», - деді Әбенов ИИДМ-де өткен жиында.

Қоғам қайраткері теміржол саласында билетті қайта сатудан басқа да заң бұзушылықтар көп екенін айтты. Ол Бас көлік прокуратурасы осы істермен дұрыс айналыспайтынын жеткізді. Мұрат Әбенов осы орайда «прокуратураның кейбір қызметкерлері билеттерді қайта сататындармен бірге» деген күдік туындайды деді. Қоғам қайраткері Президенттің өзі билет алыпсатарларын жазалауды тапсырғанын еске салды.

Атап өтсек, бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде жолаушыларды тасымалдау, автомобиль жолдары және көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша кеңес өтті.

Шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Көлік прокуратурасы, Көлік және автожол комитеті, облыс әкімдіктері, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Жол активтерінің сапа орталығы» РМК, «Адал жол» жобалық кеңсесінің өкілдері және тағы басқалар қатысты.

Бұған дейін ҚТЖ-ның зорлық көрген жолаушыдан кешірім сұрағаны жайлы хабарлаған болатынбыз. 

Еске сала кетсек, 2018 жылғы қыркүйекте «Тальго» пойызының жолсеріктері Нұр-Сұлтан қаласынан Ақтөбеге бара жатқан жас әйелді зорлаған. Ол - Ақтөбе облысының тұрғыны. Кейін сот жолсеріктер Үмбетәлиев пен Құрманиязовты кінәлі деп танып, оларды екі жарым жылға бас бостандығынан айырды.


Өзгелердің жаңалығы