Полицияға көңіл көтеру орындарындағы құқық бұзушылықтарға қатысты 3,5 мыңнан астам шағым түсті

3 Сәуір 2019, 19:15
2081
Бөлісу:
Полицияға көңіл көтеру орындарындағы құқық бұзушылықтарға қатысты 3,5 мыңнан астам шағым түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін әкімдікте көпшілік демалатын орындардағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен мәжіліске қалалық полиция департаменті ұйытқы болды.

Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінде мәлімдегендей, жыл басынан полиция органдарына көңіл көтеру, демалыс орындары және оған іргелес аумақтарда қылмыс пен қоғамдық тәртіпті бұзуға қатысты 3 586 телефон хабарламасы келіп түскен.

Полиция департаменті көңіл көтеру орындарында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша шаралар кешенін қабылдауда, алайда мекеме әкімшілігі тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде белсенділік танытпайды.

Полицияда атап өткендей, жолдаудағы ұсыныстарға қарамастан, көптеген көңіл көтеру орындарында мемлекеттік лицензиясы бар кәсіби күзет, металл детекторы, шақыруға арналған «дабыл түймелері», сондай-ақ барлық үй-жайлардың ішінде және іргелес аумақта сапалы бейнебақылау жүйесі жоқ.

Клиенттер мен олардың мүлкінің қауіпсіздігіне жекелеген мекемелердің шектелмеген жұмыс режимі теріс әсер етеді. Әдетте, көңіл көтеру орындарында құқық тәртібін бұзу туралы хабарламалардың негізгі бөлігі түн жарымнан таңғы сағат алтыға дейін келіп түседі. Жыл басынан полицияға демалыс және тамақтану орындарының түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактілері туралы 357 хабарлама келіп түсті.


Өзгелердің жаңалығы