Бас жаңалықтар
Мұғалім: Педагог мәртебесі туралы заң қоғамның қозғаушы күшіне айналады
22 Қаңтар 2019, 13:58 1037

Мұғалім: Педагог мәртебесі туралы заң қоғамның қозғаушы күшіне айналады

Астана, Baq.kz. Бұл жөнінде Тараз қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Базарбай Дүйсенбаев мәлімдеді. 

«Жалпы мұсылмандардың Конституциясы - Құранның алғашқы сүресінде оқу мен оқытушы туралы айтылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед хадистерінде: «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар» делінген. Міне, ұстаз мәртебесі туралы қаншалықты деңгейде айтылғаны көрініп тұр. Әрине, "Мұғалімдер мәртебесі" туралы заң бекітіледі. Елбасының Жолдауымен, Үкіметтің қолдауымен, министрліктің жоспарлауымен жүзеге асады. Қоғамның қозғаушы күшіне айналады», - деп сенім білдірді ұстаз. 

Ол қазір қоғамның қызу талқылауына түскен «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасынан не күтетіні жайында бөлісті. 

«Бұл заңнан мен Ыбырайдың ынтасындай, Абайдың абыройындай, Мағжанның мерейіндей "мұғалім мәртебесін" күтемін. Бұрын "Білім туралы" заңның елеусіз бір бабының, тартымсыз бір тармағында айтылған "мұғалім мәртебесі" мемлекеттік деңгейге көтерілуінің өзі біз үшін үлкен жеңіс. Халық жаңа ай туғанда "Ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа" деп дұға тілейді. Сол сияқты жаңа заңнан ұстаздардың жарылқасын деп жаңалық күтетіні анық. Абайда тамаша сөз бар: "Ой жеткен жерге, қол жетер. Армандар орындалады" деген. Ойда жүрген нәрсе орындалды. Қол да жетті. Енді арман орындалса екен», - деді Базарбай Рысбайұлы.

Ақмарал Шағатай

Загрузка...