Павлодарда бірнеше ауыл таратылады

15 Қаңтар 2019, 10:26
3601
Бөлісу:
Павлодарда бірнеше ауыл таратылады

Астана, BAQ.KZ. Облыстық мәслихаттың сессиясында Павлодар облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер талқыланды. Өзгерістер туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев мәлімдеді, деп жазады Рavlodarnews.kz.

Ауылдықтар мен жергілікті атқарушы органдардың пікірін ескере отыра Ақтоғай ауданында төрт ауылдық округті таратып, аумақтарын көршілес округтерге қосу жоспарлануда. Жоспарға сәйкес, Әуелбек ауылдық округінің аумағын - Қараоба округінің құрамына, Харьков – Ақтоғай, Шолақсор – Жалаулы, Басқамыс – Разумовка ауылдық округтеріне бағындыру көзделуде.

Баянауыл ауданында Шөптікөл ауылдық округі таратылып, аумағы Майқайың кентіне беріледі.

Әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер Шарбақты ауданында да жүзеге асырылады.

Мәселен, аудандағы төрт ауылдық округ пен екі ауыл таратылады: Алексеев ауылдық округі - Александров ауылдық округінің құрамына енсе, Чигиринов – Галкино, Красилов – Сосновка, Хмельницкий – Жылыбұлақ ауылдық округіне беріліп, округ орталығы Хмельницкий атанады. Назаров ауылы -Шарбақты ауылдық округіне, Есілбай ауылы – Шалдай ауылдық округіне берілмек.

Мақсат Тұрлыбаевтің айтуынша, бұл аталған ауылдық округтер әкімдерінің аппаратына жұмсалатын артық шығынды қысқартып, келесі жылдан бюджеттің төртінші деңгейіне тиімді көшірілуіне жағдай жасайды.

«Ауылдық округтер әкімдері аппаратының 42 штаттық бірлігін қайта бөліп, шығындарды 61 миллионға қысқарту жоспарлануда. Дейтұрғанмен, әлеуметтік нысандар, жолдар мен көшелерді жарықтандыруға бөлінетін қаржыландыру толық мөлшерде сақталады», - дейді Мақсат Тұрлыбаев.

Депутаттар облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жоспарын мақұлдады. Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың шешімімен Ақтоғай ауданындағы Андриановка ауылын Ақжол деп атап, Разумовка ауылдық округіне Ақжол есімі қайтарылады.

Өзгелердің жаңалығы