Павлодарда бірлесіп ақша жеген есепші мен мұғалім сотталды

2 Мамыр 2021, 22:33
2240
Бөлісу:
Павлодарда бірлесіп ақша жеген есепші мен мұғалім сотталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтоғай аудандық соты білім бөлімінің есеп айырысу шотынан 2011 жылдың қаңтарынан бастап 2019 жылдың сәуіріне дейін ірі көлемде ақша жымқырған есепшіге қатысты үкім шығарды.

Ақтоғай аудандық баспасөз қызетінің мәліметі бойынша, аудан мектептерінің бірінде есепші мұғаліммен бірге өзінің қызметтік бабын пайдалану арқылы жалпы сомасы 25 281 182 теңге соманы қолды еткен. Оның 10 118 338 теңгесін өзі, ал 15 162 844 теңгені бірнеше адаммен бірге жымқырған.

Есепші өзіне және сыбайласына заңсыз түрде артық ақша есептеп, кейін банктік карточкалық шоттарға ақша аударған және оны қолма-қол ақшаға айналдырып, өз пайдаларына жаратқан.

Бұл жағдайлар куәгерлердің айғақтарымен, сот-экономикалық сараптаманың және маманның қорытындысымен, есеп айырысу шотындағы деректермен дәлелденген. Сотталушы есепші өзінің кінәсін ішінара мойындап, қаражатты сыбайласының өтініші бойынша аванс ретінде аударғанын түсіндірді. Екіншісі кінәсін мойындамай, ақшаны есепші өзі бергенін айтқан, - деді баспасөз қызметінде.

Прокурор есепшіні 7 жыл, мұғалімді 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Ақтоғай аудандық сотымен педагог кінәлі деп танылып, оған алаяқтық үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру, есепшіге 6 жарым жылға колониядан жазасын өтеу түрінде үкім шығарылды.

Үкім мен жеке қаулы заңды күшіне енді.

Өзгелердің жаңалығы