Павлодар облысында медициналық маска тапшылығы жоқ

6 Ақпан 2020, 17:38
1923
Бөлісу:
Павлодар облысында медициналық маска тапшылығы жоқ
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде эпидемиологиялық кезеңде жергілікті дәріханаларда медициналық маска тапшылығы жоқ. Бұл туралы санитарлық дәрігерлер хабарлады.

Облыстық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабыловтың айтуынша, аймақта маусымдық жұқпалы аурулар мен коронавирустық инфекцияға қатысты эпидемиогиялық жағдай тұрақты. Алаңдауға негіз жоқ. Аймақтың бас санитары, сонымен қатар медициналық маскалардың тапшылығының жоқ екенін жеткізді.

Павлодар облысында 335 дәріхана бар. Мамандар медициналық құралдардың сапасымен қатар, бағасына да мониторинг жүргізеді. Мәселен, бір күнде 45 дәріхананы тексеріп шықтық. Бұл орындарда 32 мыңнан астам маска бар. Жалпы, облыстағы дәріханалардың қоймаларында 160 мың маска бар. Сұранысқа ие тауардың бағасы да тұрақты. Өңірде маска құны орташа есеппен 21-22 теңгеден саудаланып жатыр, - дейді Сәдуақас Байғабылов.

Айта кетейік, бүгінде облыста жедел респираторлық вирустық инфекция мен тұмауды жұқтырудың маусымдық өсімі байқалады. Былтырғы жылдың қазанынан бері ауруға шалдығудың 9 мыңнан астам дерегі тіркелді. Ауруды жұқтырғандардың 5 мыңнан астамы - 14 жасқа толмаған балалар. Ал өткен жылдың салыстырмалы кезеңінде 9644 оқиға анықталған.

Қызылшаға қатысты жағдай да тұрақты. Жыл басынан бері қызылшаның 5 дерегі зертханалық тұрғыда расталды. Олардың үшеуі 14 жасқа толмаған балалар болып шықты.

Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында жедел штаб құрылды. Бүгінгі күнге дейін облыс аумағына 400-ден астам азамат шетелден келген. Олардың 300-ден астамы тексеруден өткізілді. Тағы 100-ден астам азамат дәрігерлердің бақылауында болады, - дейді Сәдуақас Байғабылов.


Өзгелердің жаңалығы