Павлодар облысында араның шағуымен емдеу дамып жатыр

13 Маусым 2021, 13:29
2525
Бөлісу:
Павлодар облысында араның шағуымен емдеу дамып жатыр
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде соңғы үш жылда араның уымен емдеу жан-жақты дамып келеді. Бүгінде емдеудің бұл тәсілін таңдайтын науқастардың қатары біртіндеп көбейіп келеді.

Медицинаның ерекше тәсілін жергілікті омарташылардың бірі қолға алған. Ара шаруашылығында 30 жылдық тәжірибесі бар фермер бал өндірісімен қатар, апитерапияны дамытуды көздеген.

Апитерапевт Марина Сандалованың айтуынша, балдың құрамындағы пайдалы заттар кез келген химиялық қосындылары бар дәрумендерден артық.

Емдеу курстарынан өтуге 35 жастан асқан адамдар келіп жатыр. Апатерапия кабинеті бал дәріханасында орналасқан. Бүгінде терапия Алматы облысы мен Нұр-Сұлтанда қарқынды дамуда. Ал Павлодар өңірінде кенже қалған.

Апитерапияға қызығушылық танытқандар көп. Бірақ, келетіндері бірен-саран. Себеб, жәндіктің шағуынан қорқады. Бірақ, бұл керемет аралардан қорықпау керек. Олардың уының пайдасы зор. Егер адам ем аламын деп дайындалып келсе, шағудан ауырсыну болмайды. Әрине, табиғат аясынла шақса, одан қауіп болуы мүмкін. Ем барысында ара тек ағзаның биологиялық нүктелерін шағады. Ем алуға көбінесе тірек-қозғалыс жүйесі ауыратын науқастар келеді. Курстың жетінші күні-ақ оң нәтиже байқала бастайды. Мәселен, жуырда 52 жастағы азаматша келді. Астеотроз диагнозы қойылған. Бастапқыда балтақпен жүрді, жетінші күннен кейін өз бетінше жүретін болды. Қысқа курстан кейін 1,5-2 айлық курсқа ауысамыз. Алғашқы курста ара 150-200 шағудан өту керек, - дейді Марина Сандалова.

Ара уындағы апитоксин құрамы жағынан күрделі. Оның құрамында ппетиттер, амин қышқылдары мен дәрумендер көп. Бір жәндіктің ішінде 0,3 миллиграм у бар. Апитоксин ағзаға түскен кезде жасушаларды жаңартып, қорек береді.

Павлодар облысында араның шағуымен емдеу дамып жатыр

Ем барысында науқас аналық сүт, прополис пен бал қабылдайды. Желім ісікті жойса, аналық сүттің көмегімен ұлпалар регенерацияланады. Яғни, кешенді шаралар керек. Бұл іске іріспес бұрын арнайы оқудан өттік. Себебі, бұл жұмысқа да кәсіби дайындық қажет. емдеуге керек өнімдерді өзіміздің шаруашылықтарынан тасымалмаймыз. Бір шаруашылықта асыл тұқымды ара өсіреміз, - дейді мамандар.

Емдеуге қажет ара мен бал облыс аумағындағы шаруашылықтардан әкелінеді. Омарташылар емдеу қызметтерін ұсынумен қатар 20-дан астам бал түрі мен өзге өнімдерін ұсынады. Омарташылардың мақсаттары - өңірдің балын отандық брендке айналдыру. Биылғы жылы мемлекеттік бағдарламаның көмегімен шаруалар араның асыл тұқымды «карпат» тұқымын өсіре бастады.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруалар бал өндірісін айтарлықтай кеңейтпек. Өнімді шетелге тасымалдауға да бел буған. Сонымен қатар бал музейінің жұмысын жандандырмақ.

Өзгелердің жаңалығы