Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. BBC және Reuters мәліметінше, дүйсенбі кешке қарай Франция мәдениетінің жақұты — Париж Құдай Ана Соборы өртенді.
Қазір шіркеу тұрған Сите аралы тұрғындарын эвакуациялау жұмыстары басталды. XII ғасыр ескерткішінің ағаштан тұратын бөліктері түгел жанып кетті деген жорамал бар.
Франция президенті Эммануэль Макрон Твиттердегі өзінің парақшасында қасиетті ғимараттың өртеніп жатқанына қайғыратынын жазды.
«Нотр-Дам-де-Пари өртеніп жатыр. Ұлтымыз есеңгіреп қалды. Барлық католиктер мен француздар үшін қам жеймін. Отандастарым сияқты мен де осынау біздің бір бөлшегіміз өртеніп жатқанына қайғырамын», - деп жазды Эммануэль Макрон.
Бұл тарихи ескерткіш әлемге 1831 жылы Виктор Гюгоның «Париж Құдай Ана Соборы» романынан кейін танылып, Францияның символына айналған еді.