Бас жаңалықтар
Пара пауэрлифтинг – 2019. Әлем чемпионатына құрама дайындығы
12 Маусым 2019, 16:35 892

Пара пауэрлифтинг – 2019. Әлем чемпионатына құрама дайындығы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осы жылы шілденің 12-20 аралығында елордада халықаралық масштабтағы спорт жарысы – пара пауэрлифтингтен әлем чемпионаты өтеді. Оған 79 елден 450-ден астам атлет қатыспақ. Әлемдік додада ел намысын қорғайтын спортшыларымыз бен олардың дайындығы туралы ҚР пара пауэрлифтингтен ұлттық құрамысының бас бапкері Артур Томицский айтып берді.

Артем мырза, Қазақстандағы пара пауэрлифтинг туралы айтып берсеңіз. Қай уақыттан бері қазақстандық спортшылардың қазығушылығы артты?

Қазақстанда пара пауэрлифтинг 90 жылдардан бері дамып келеді. Қателеспесем, алғаш шетелдік жарыстарға 94-95 жылдардан бастап шыға бастады. Республикамыздың барлық өңірінде насихатталады. Ал соңғы 5-6 жылда сондай қатты бір дүмпу, серпінмен дамып келеді. Құрамадағы атлеттердің саны артты. Құрама атынан халықаралық сайыстарға түсетін спортшылардың да саны көбейді. Жыл сайын халықаралық нормативтер орындалып, халықаралық кластағы спорт шебері, спорт шеберінің кандидаты атағы беріледі. Қазақстан ішіндегі ұлттық рекорд әр жарыс сайын жаңарып отырады. Осы соңғы жылдары бірде-бір сайыс рекордтық жаңартусыз өткен емес. Жаттықтырушылардың кәсіби деңгейі халықаралық дәрежеге көтерілді. Әрине, тағы спортшылардың тек күш жағынан сапасы емес, жарыс барысында техникалық сапасы да айтарлықтай жақсарды.

Алдағы әлем чемпионаты туралы толығырақ айтып берсеңіз. Бізге мұндай халықаралық дәрежедегі шараны ұйымдастыру мүмкіндігі қалай бұйырды?

Алдағы келе жатқан әлем чемпионатын өткізу туралы бізге бұрыннан өтініш айтып жүрген. Біз Азия чемпионатын өткізгеннен кейін әлем чемпионатын өткізу туралы айтылды. 2015 жылы Азия чемпионатынан кейін бірден әлемдік деңгейде өткізу туралы сөз қозғалды. Міне, енді өткізгелі отырмыз. Бұл – рейтингтік жарыс. Онда орындалатын нормативтер спортшылардың халықаралық, әлемдік рейтингіне әсер етеді. Тағы ең басты ерекшелігі – Токиода өтетін паралимпиадалық ойындарға іріктеуге ықпалын тигізеді. Әлемнің 79 елінен 450-ден астам спортшы келеді. Маңызды жарыс. Әр спортшы үлкен үмітпен келеді.

Елімізден қанша спортшы, қандай салмақта қатысады? Әлем чемпионатына дайындық қалай?

Қазақстан атынан әлем чемпионатына 29 спортшы қатысады. Солардың ішінде 6 юниор, қалғандары – үлкендер. Спортшылар барлық дерлік салмақ дәрежесінде сайысқа түседі. Бізде тек ерлер арасында ауыр және өте ауыр салмақ дәрежесінде жарысатындар жоқ. Ал қалған 97 кг дейінгі салмақ категорияларын толық қамтып отырмыз.Дайындық өте жақсы. Мұндай бәсекеге бей-жай қарамайтынымыз анық. 

Қазақстандықтар қанша медаль алуы мүмкін?

Медальдік жоспар алдын ала қарастырылды. Бірақ қазір тура сол құрылған жоспардан ауытқыдық. Себебі команда құрама өзгерді. Жарақат алғандар бар. Біздің алдыңғы шептегі спортшыларымыздан жақсы нәтиже күтеміз. Раушан Қойшыбаева, Давид Дегтярев, Рахмеджан Хамаев, Гүлбану Әбдіхалықова секілді мықты спортшыларымызды үздіктердің қатарынан көреміз деген ойдамыз. Бірақ қазір тура мынадай медаль алады деп айтқым келмейді.

Олай болса, медаль алуы мүмкін деген 3 спортшыны атай аласыз ба?

3 спортшы жақсы көрсеткішпен шығу керек. Бірінші – Паралимпиадалық ойындардың жүлдегері Раушан Қойшыбаева, екінші – Азия ойындарының жүлдегерлері – Рахмеджан мен Гүлбану. Медальдар көп болмаса да, рейтингте жақсы орынға көтерілуді көздеп отырмыз. Рейтингте ерлер арасында 10-орын, әйелдер арасында 8-орын болып тұрғанның өзінде Токиодағы Паралимпиадаға жолдама алуға болады. Сондықтан рейтингтегі орынның маңызы зор. Үшінші – Давид Дегтярев, пауэрлифтингтен triple D, біздің үмітіміз. Міне осылардан үздік нәтиже күтіп отырмыз. Тағы юниорлардан да күтуге болады. Тұрсынай Қабыл, Максим Тен, Захар Буйымовтан үмітіміз зор.

Сұхбатыңызға рақмет! Спортшыларымызға жеңіс тілеймін!


Фото: дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық