Өскемендегі ең ұзын даңғылға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі беріледі

20 Наурыз 2019, 21:32
2854
Бөлісу:
Өскемендегі ең ұзын даңғылға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі беріледі

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен қалалық мәслихаты жанындағы тұрақты комиссия шаһардағы ең ұзын Тәуелсіздік даңғылын Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен атау жөнінде шешім қабылдады. Бұл ұсынысты Өскемен қалалық мәслихатына қаладағы бірнеше өндіріс орны мен мектеп, аурухана және қоғамдық бірлестік мүшелері берген екен.

«Соңғы екі күнде біз елімізде орын алып жатқан бірқатар тарихи оқиғаларға куә болып отырмыз. Мен мұндай ұсыныс түсірген азаматтарға алғысымды білдіремін. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен көше атауын атау еліміздің дамуына орасан зор еңбегі сіңген адамға деген біздің үлкен алғысымыздың титімдей ғана бөлігі. Кешеден бері әкімдікке Тұңғыш Президентіміздің атына алғыстарын бағыттаған 10 мыңнан астам тұрғынның хаты келіп түсті», - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Ұсыныс түскен соң қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясын өткізу туралы шешім қабылданды. Сессия өтпес бұрын әуелі қоғамдық талқылау болды. Оған даңғыл атауын Нұрсұлтан Назарбев деп атау жөнінде ұсыныс берген еңбек ұжымдары мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысып өз пікірлерін айтты. Қоғамдық тыңдаудан соң мәслихат жанынан құрылған тұрақты комиссия көше атауын өзгертуге байланысты ұсынысты бірауыздан қолдап, мәслихат сессиясына шығарды. Ал сессияға қатысқан 20-дан астам депутат Тәуелсіздік даңғылын – Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп атау жөнінде бір ауыздан шешім қабылдады.

«Бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс өткен сессиясында шешім қабылданды. Бұл шешім Республикалық ономастикалық комиссияға жолданатын болады. Республикалық онамастикалық комиссияның шешімі қабылданған соң даңғылымыз Нұрсұлтан Назарбаев есімімен аталатын болады», - деді Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Ринад Ахметжанов.

Қоса кетсек, 2007 жылы бірлескен қалалық мәслихаттың шешімімен және қала әкімдігінің қаулысымен Өскемен қаласындағы 7,5 шақырымдық Тәуелсіздік даңғылының бұрынғы Ленин атауы алынған болатын.

Өзгелердің жаңалығы