Ұлымның ашық жүйеде өмір сүргенін қалаймын – орталық директоры

11 Маусым 2019, 14:21
2313
Бөлісу:
 Ұлымның ашық жүйеде өмір сүргенін қалаймын – орталық директоры

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Жаңа президент бұрынғы жүйенің оңтайлы жақтарын алып, тиімді тетіктерін қосып, прогрессивті саясат жүргізсе деген үміттемін», - дейді президент сайлауы жайында пікір білдірген ҚР ҰЭМ жанындағы экономикалық зерттеулер институтының әлеуметтік-демографиялық зерттеулерді дамыту орталығының директоры Бәтжан Ақмолдина.

Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауына барып, өзінің азаматтық борышын орындаған Бәтжан Ақмолдина сайлаудың өзі күткендегідей болғанын айтты.

«Сайлау туралы бір сөзбен айтқанда, күткенімдей болды. Кандидаттардың арасынан Қасым-Жомарт Тоқаев өтетін шығар, 70%-дай жинайтын болса керек деп ойлағанмын. Өйткені, Қосановтан басқа кандидаттар әлсіз саяси әсер берді, яғни саяси салмақ жетіспеді. Мен барып дауыс берген №81 мектептің ғимаратындағы №127 сайлау учаскесі тыныш, келіп жатқан адамдар тым аз болды. Неге десеңіз, бір бетте жүздеген фамилия арасында менімен 3 адам ғана дауыс беріпті. Мұны тізімде өз аты-жөнімді іздеп жатқанда көрдім. Бірақ мен аумақтық учаскеге дауыс беруге сағат он бірлер кезінде бардым, мүмкін басқалар сайлауға түстен кейін көбірек келген болар деп ойлаймын», - деді Бәтжан Нұрәлиқызы.

Сондай-ақ, ол пікірінде ұлын да алғаш рет сайлауға дауыс беруге көндіргенін айтты.

«Біріншіден, мен өзімнің азаматтық борышымды орындап, сайлауға барып келдім. Ұлыма да осы сайлауда конституциялық құқын пайдалану арқылы дауыс беруге үгіттеп, қатыстырдым. Ол өз таңдауын жасады. Айтпақшы, сайлау учаскесінен бірде бір бақылаушыны көрмедім, мүмкін дұрыс қарамадым ба жоқ әлде сол кезде басқа жерге кетті ме, байқамадым», - деді Бәтжан Ақмолдина.

Оның айтуынша, ел таңдаған жаңа президент оңтайлы саясат жүргізуі керек деп есептейді.

«Жаңа президент бұрынғы жүйенің оңтайлы жақтарын алып, елге тиімді болатын тетіктерін қосып, прогрессивті саясат жүргізсе деген үміттемін. Ең бастысы, жемқорлықты түбірімен жойып, осы күрделі мәселені шешсе деп ойлаймын. Кейде осы ойым тек үміт күйінде қала ма деп те қорқамын. Әрине, болашақтан зор үміт күтеміз. Ұл өсіріп отырмын, оның демократиялық мемлекетте, оңтайлы саясат пен ашық жүйеде өмір сүргенін қалаймын. Ұлым ғана емес, өзге азаматтардың да «несібемді қалай табамын» деп сарсылмай, адал еңбек пен адал табыс жасауына жағдай жасалады деген сенімдемін. Президентіміздің өз бағдарламасында айтқан уәделерінің сәтті орындалуын күтеміз», - деді Бәтжан Нұрәлиқызы.

Өзгелердің жаңалығы