Бас жаңалықтар
Оқушылардың қолынан шыққан «тәп-тәтті кітаптар»
21 Ақпан 2019, 11:43 689

Оқушылардың қолынан шыққан «тәп-тәтті кітаптар»

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде алғаш рет «Tasty books» фестивалі өткізілді. Оқушылар өздері сүйіп оқыған кітаптарын бейнелейтін кондитерлік өнімдер әзірледі.

Мектептің педагогы, ұйымдастырушы-кураторы Ақбота Жұмабаеваның пікірінше, өрендердің кітап оқуға ықыласын ояту үшін осындай сайыс ұйымдастырылып отыр.

«Зияткерлік мектепте 100 кітап жобасы жүзеге асуда. Яғни ұстаздар, оқушылар, ата-аналар бірігіп, оқушылар оқуға тиісті кітаптардың тізімін жасады. Соның ішінде 60-ы қазақ әдебиеті, 20-сы орыс тілінде, 20-сы ағылшын тілінде жазылған шығармалар. 100 кітап жобасының аясында «Tasty books» шарасы өткізіліп отыр. Сайысқа мектептегі 28 сынып қатысты. Командалар кондитерлік өнімдерден кітап мұқабасын, кейіпкерлерді жасады. Оқушылар Экзюперидің «Кішкентай ханзада», Гогольдің «Түн алдындағы Рождесвто» және Нәжімеденовтың «Менің Қазақстаным» сияқты туындыларын, «Гарри Поттер» және «Күлбикеш» кейіпкерлерін тәттілермен сомдады», – дейді Ақбота Жұмабаева.

Ұйымдастырушы педагогтің айтуынша, жарыстың талабы бойынша «тәтті» туындылар тақырыпқа сай болуы тиіс.

«Командалардың жасаған «тәттілері» креативті, әдемі, кітаптардың мазмұнын ашса, оң бағаланады», – дейді Ақбота Жұмабаева.

Кітап-торттарды әзірлеуге ата-аналар да көмектескен.

«Фестивальде біз кішкентай оқырмандар сүйіп оқитын, ерекше қызығатын Гарри Поттер кейіпкерін бейнеледік. Шығармада адалдық, сыйластық сияқты құндылықтар бар. Сондықтан, біз осы кітапты басқаларға оқуға кеңес бердік. Оған қоса, «кітабымыз» өте тәтті болды. Торттарды пісіруге ата-аналарымыз да көмектесті. Оқушылар өздері әзірлеген торттардың дәмін татып көріп, шараның соңы мерекеге ұласты», – дейді сегізінші сынып оқушысы Әйгерім Серікбай.

Сайыстың нәтижесінде «Алтын Орда» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Ал «Жібек Жолы» мен «Сырдария» командалары екінші орын иеленсе, «Номад», «Әйтеке би», «Әл-Фараби» командалары үшінші орынды қанағат тұтты.

 Ибраш Әли

Сізден жаңалық