Мамин: Барлық негізгі бағыт бойынша өңірлердің рейтингі жүргізіледі

17 Қыркүйек 2019, 10:44
1922
Бөлісу:
Мамин: Барлық негізгі бағыт бойынша өңірлердің рейтингі жүргізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін үкімет отырысында DoingBusiness рейтингінде Қазақстанның позицияларын жақсарту мәселелері талқыланды. Премьер-министр Асқар Мамин көрсеткіштерді жақсарту керектігін айтты.

«Жалпы бірқатар сала бойынша жақсы көрсеткішке жетіп отырмыз. Соның ішінде жаһандық бәсекедегі қабілеттілік индексі бойынша электр өндіру жоғары орында. Темір жол көлігі 34 және ІТ-технологиялар 44-орындамыз. Сонымен қатар, халықаралық сауда, денсаулық сақтау және қаржы секторында көрсеткіштерді жақсарту бойынша жұмысты күшейту қажет», - дейді Асқар Мамин.

Ол осыған орай, ұлттық экономика министрлігіне мынандай тапсырма берді. 

«Бірінші, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың қазан айының соңына дейін бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту бойынша кезекті 8-түзетулер топтамасын дайындауы керек. Бұл топтама кәсіпорындарды ашу және меншікті тіркеу, құрылысқа рұқсат алу және электрмен жабдықтау желілерін қосу кезінде инвесторлар үшін маңызды бизнес процестерді жеңілдетуді көздейді», - деді Асқар Мамин. 

Оның айтуынша, екіншіден Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі позицияларын одан әрі жақсарту үшін 1 ай мерзімде қолда бар шаралар жоспарларын өзектендіріп, жаңа іс-шаралар жоспарын қабылдау керек. 

«Одан бөлек, бағдарламалық құжаттарға осы рейтингтерде Қазақстан ұстанымдарын жақсарту жөнінде нысаналы индикатор бекіту мәселесін пысықтау керек. Үшінші, өңірлердің әкімдері реформаларды іске асыру және бизнес жүргізуге инвестициялар тартуға қолайлы жағдайлар жасау, инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмысты күшейтуі қажет. Барлық негізгі бағыт бойынша өңірлердің рейтингі жүргізілетін болады. Бұл мәселе Үкіметтің жоғары кеңесінің тұрақты бақылауында және жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелерін талқылайтын боламыз», - деді үкімет басшысы.

Бұған дейін бүгін үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі 30 елдің қатарына кіру үшін не істеу керегін айтқан болатын. Ал премьер-министр Асқар Мамин еліміздің DoingBusiness рейтингінде бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша әлемнің 190 елі арасында 28-орында екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы