Биыл 148 азамат өндірістік жарақат салдарынан қаза тапқан

23 Желтоқсан 2019, 18:01
3511
Бөлісу:
Биыл 148 азамат өндірістік жарақат салдарынан қаза тапқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде Кәсіптік одақтар федерациясы ең ірі қоғамдық ұйым болып табылады. Оның құрамына 2 млн еңбеккер, 23 республикалық салалық, 17 аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен 18 мың бастауыш кәсіподақ ұйымдары кіреді. 

Былайша айтқанда, федерация еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін жұмыс істейді.

Төраға ретінде үш айда мен Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Түркістан облыстарын, сонымен қатар Шымкент пен Алматы қалаларында болып, өңірлердегі еңбек саласындағы жағдайды өз көзіммен көріп қайттым. Кәсіподақ ұйымдарының мүшелерімен, еңбек ұжымдарымен және өңірлердің әкімдерімен кездесулерде біз мұнайшылардың, кеншілердің, педагогтар мен медицина қызметкерлерінің мәселелерін талқылап, еңбеккер халықтың еңбек құқықтарын қорғау мәселелерін қарастырдық, - деп айтты Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов. 

Федерация төрағасы өндірістік жарақат мәселелеріне айрықша тоқталып өтті. 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жылы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 1215 адам зардап шегіп, олардың 148-і қаза болды, - деді ол.

Бас спикер әлеуметтік әріптестіктің тең құқылы қатысушысы ретінде Кәсіподақтар федерациясы Үкімет және жұмыс берушілермен бірге елімізде тиімді әлеуметтік-еңбек қатынастарын қалыптастыру бойынша стратегияны жүзеге асырып жатқанын жеткізді.

Әріптестік негізі – ҚР Үкіметі, республикалық жұмысшылар бірлестіктері мен республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісім. 2018 жылы ҚР Жоғарғы сотымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, мұның аясында аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері базасында 17 Татуласу орталығы құрылды. Осы жылы татуласу орталықтарында 1700 медиациялық рәсімдер өткізілді, олардың ішінде 1583 жуық еңбек дауы оңтайлы шешілді, - деп мәлімдеді ұйым басшысы. 

Айта кетейік, орталықтардың жұмысы Үкіметте қолдау тапты және премьер-министр Асқар Мамин жұмыс орындарында Федерацияның медиация бойынша жұмыс тәжірибесін тиімді қолдануды тапсырған болатын.

Бұған дейін, Ералы Тоғжанов еңбек дауына қатысты оқиғалар саны артып кеткенін айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы