Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустық инфекцияны таратпауға бағытталған шаралар жөнінде бүгінгі онлайн брифинг барысында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев елімізде көлік бағыттарының онлайн картасы әзірленгенін айтты.
Көлік бағыттарының онлайн картасы ismet.kz платформасында орналасқан.Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөнінде мемлекеттік комиссияның шешімін орындау мақсатында министрлік тиісті шараларды қабылдады. Өздеріңіз білетіндей, біз көлік транспортына жауап береміз. Қазақстан бойынша көлік санының өсуі, тұрғындарға қандай қолданыстағы жағдайлар бар екенін білу үшін біз "Қазтелекоммен" бірлесіп, қолжетімді көлік бағыттарының онлайн картасын әзірледік. Ол кәсіпкерлер үшін ismet.kz платформасында орналасқан. Біздің елдегі көлік компаниялары осы платформа арқылы бірқатар шаруаларын атқарып жатқанын көруге болады. Нақтырақ айта кетсек, әуе көліктеріне байланысты бұрын халықаралық бағыт бойынша 97 бағыт болатын, 440 рейс орындайтынбыз. Ал, ішкі бағытта 540 рейс 345 бағытта жүретін. Олар бүгінде толықтай тоқтатылды деп айтуға болады, - деді ол.
Қайырбек Айтпайұлы сонымен қатар, халық тарапынан Нұр-Сұлтан, Алматы арасындағы әуе бағыттарына және чартерлік рейстерге қатысты сұрақтар туындап жатқанына да тоқталды.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әуежайлары 1-10 сәуір аралығында жұмысын тоқтатты, ал одан кейін рейстер қайта жүре бастай ма деген сұрақтар бар. Бұған қатысты айтарым, ол жағдайға байланысты, бас санитарлық дәрігердің шешімін күтеміз. Бірақ, жүк тасымалдайтын әуе көліктері жұмысын тоқтатпайды. Чартерлік рейстерге қатысты да халықтан келіп жатқан сауал көп. Бұрын олар навигацияға ұсыныс жазып, жүре беретін. Қазір тәртіпті күшейттік. Қазір олар өз еріктерімен жүре алмайды. Алдымен, бізге хат жіберуі керек, ал біз бас дәрігердің рұқсатымен ғана өз рұқсатымызды бере аламыз, - деді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы.