Олжас Әбішев: Медициналық білім тек теориялық түрде берілмеу керек

4 Ақпан 2019, 13:10
4245
Бөлісу:
Олжас Әбішев: Медициналық білім тек теориялық түрде берілмеу керек

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Медицинаны цифрландыру аясында көптеген сұрақтар туындауы мүмкін. Сондықтан біздің медициналық білім беру саласы қазірден өзекті сұраныстарға негізделіп жасалуы керек. Әйтпесе кейін кеш болады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев Алматыда өтіп жатқан конференция барысында айтты.

Вице-министр медициналық білімнің сапасын арттыру жолында шетелдік теория мен қолданбалы тәжірибенің интегреациясы үздікісіз жүргізіліп отыру керектігін айтты.

«Бұн не үшін керек? Білім тек теориялық түрде берілмеуі керек, тәжірибелік жұмыс екеуі ажырамай бір келкі өту керек. Менің қарындасымның бірі медициналық жоғары оқу орындарының бірінде білім алуда. Оның айтуынша, қазір теориялық білім көп беріледі. Бұл жіберілген қателіктің бірі деп ойлаймын. Қазір көптеген бағдарламалар көп, соның бірі ЖОО-ның базасында тығыз байланыста жұмыс істеп жатқан «Денсаулық» бағдарламасы. Литвалық әріптестеріміздің тәжірибесіне қарап, клиникалар науқастар қажеттілігіне қарай құрылу керектігін көріп отырмыз. Сондықтан тәжірибелік жұмыстарды қатар алып жүрген абзал»,-деді ол.

Сонымен қатар ол, қазір XXI-ғасыр болғандықтан цифрландыру секілді жаңа бастамалармен бетпе-бет келіп отырмыз, осының аясында дәрігер мен науқастың келешектегі ролі қандай болады деген сұраққа тоқталып өтті.

«Болашақта науқастың қатысуынсыз дәрігерге тіркеуге қайда тұрамыз, не ішіп жүрміз деген сипаттағы мәліметтер легі көптеп келіп түсетін болады. Сондықтан біздің медициналық білім беру саласы қазірден осындай өмірлік сұраныстарға негізделіп жасалуы керек. Оған әзірлікті қазірден бастамасақ, кейін кеш болады»,-деді вице-министр.

Олжас Әбішевтің айтуынша, соңғы тоғыз жылда Денсаулық сақтау министрлігінің серверінде 14 теребайт цифрлы мәліметтер жиналған. Бұл - статсионарлық жағдайлар, поликлиникалық көмектер, онко скринингтер екен.

«Осы мәліметтерге қарап біз науқастардың қажеттілігін біле аламыз. Әр науқас нені қажет етеді, дәрінің қай түрлеріне қарсы белгісі бар бәрін біліп отырамыз. Келешекте дәрігер науқасқа не жақпайтынын, қандай тағамды қабылдамау керектігін деректер мәліметіне қарап айтып беріп отырады. Бұған ұзаса 1,5 жылдың көлемінде келеміз, сондықтан соған сай кадрларды әзірлеп шығаруымыз керек»,-деді ол.

Айта кетсек, Алматыда «Заманауи медициналық білім беру саласындағы сапа, үздіксіз жетілдіру және бенчмаркетинг» тақырыбында халықаралық конференция өтуде. Оған еліміздегі медициналық білім берудің жетекші Оқу орындары мен Малайзия халықаралық медициналық университетінің мамандары қатысуда.


Әділет МҰСАХАЕВ
Өзгелердің жаңалығы